Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Уықты ұстайтын басқұр, халықты ұстайтын дәстүр

    Өңіріміздің қоғамдық саяси, рухани өмірінде алдыңғы толқын ағалардың, көпті көрген көнекөз ардагерлердің орны бөлек. Олардың өнегесі мен өсиеті, ұлағаты жастардың қалыптасуы үшін өте қажет-ақ. Біз оны облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ардагерлердің қатысуымен жүзеге асып жатқан «Ғибратты керуен» жобасынын (бұл жобаны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық ардагерлер кеңесі бірлесіп ұйымдастырған) барысынан анық байқадық.

    Іс-шараға облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов, дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров және белгілі қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шараны онлайн арқылы барша аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қадағалап, құлақ түріп отырды. Жиынды ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

    «Ғибратты керуен» жобасы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, бабаларымыздың салт-дәстүрі негізінде адалдық, имандылық, ізгілік қағидаттарын насихаттай отыра, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың назарындағы «Қарапайым заттар экономикасы», «Асар», «Үлгілі ауыл», «Ақылды ауыл» бастамаларын қолдау күн тәртібіне қойылып отыр. Халқымыз айтатын: «Уықты ұстайтын басқұр, халықты ұстайтын дәстүр» деген мақалдың мәні зор. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының, «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының мақсаты сана сезімімізді, ұлттық дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды одан әрі дамыту болатын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай - рухани реформатор» мақаласында халықты той тойлауға емес, рухани кемелденуге шақырды. Президент 4 басты мәселені көтерсе, соның ішінде тәрбие мәселесі өзекті болып отыр. Абай ақынның: «Пайда ойлама, арды ойла, талап қыл артық білуге» дегені қандай ғажайып тағылым. Жақында облыстық «Аq jol» газетінде облыстық ардагерлер кеңесінің «Ата-ана жауапкершілігі жоғалып бара жатыр» деген тақырыппен облыс халқына үндеуі жарияланды. Соңғы кездері елімізде ата- ананың бала тәрбиесіндегі рөлі әлсіреп, әртүрлі келеңсіздік салдарынан бұзақылық әрекеттер байқалып жүр. Олар - Талас ауданы, Қасқабұлақтағы оқиға, Меркі, Байзақ ауданындағы жастардың жүгенсіздік әрекеттері, Тараз қаласының Шөлдала аумағында балалардың бірін-бірі пышақтауы, оның ар жағында Қордай оқиғасы. Ақын Мағжан Жұмабаев: «Жас бала - жас шыбық...» деген екен. Облыстық газеттегі үндеуімізді қолдау мақсатында таластық тұрғындардың «Бала тәрбиесіне атүсті қарамайық» атты мақаласы аудандық «Талас тынысы» газетінде жарық көрді. Алайда Тараз қалалық, өзге де аудандардағы ардагерлер кеңесі үнсіз отыр. Бұл мәселені неге бәріміз жабылып талқыламасқа? Ардагерлер кеңестерінің елді ынтымаққа шақыруының да маңызы зор. Ел Президентінің мақаласында осы ынтымақ мәселесі де жақсы көрсетілген», - деді Еркінбек Бейсенбекұлы.

    Мұнан соң Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев «Ғибратты керуен» жобасы аясында облыс аумағындағы ұлттық құндылықтарымыз тарихи және сакральды орындардың  салт-дәстүр негізінде жастарға отансүйгіштік тәрбие берудегі рөлі тақырыбында баяндама жасап, ардагер мен жас буынның байланысы, қазақ қыздарының тәрбиесі жөнінде ой қозғады. Сондай-ақ ол ауылдағы кейбір келеңсіздіктерді жөнге салып, тентекті тыйып жүрген билер кеңесінің жоғары рөліне тоқталды. Жиын барысында аудандар да байланысқа шығып, Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет ұлтараздықтың алдын алу, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жастарға патриоттық тәрбие беру мәселесін басты орынға шығарса, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков үй іргесіндегі ауланы игеру, суды тиімді пайдалану, облыс әкімінің «Ақылды ауыл» бастамасының Б.Момышұлы ауылында да жүзеге асып жатқанына тоқталды. Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінін төрағасы Кемел Бесбаев облыс әкімінің бақылауындағы «Асар» жобасының байзақтықтар арасында орындалуына, тұрмысы төмен отбасыларға көрсетілген көмек туралы сөз қозғаса, Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы Абай аманатына тоқтала келіп, билер кеңесінің жүйелі жұмысын тарқатып айтып берді. Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Любовь Накарякова Мемлекет басшысының республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы берген сұхбатынан туындаған міндеттерге тоқталды.

    Облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев жастарды имандылық жолға тәрбиелеуде дін өкілдері еселі еңбек етіп жатқанын, бірақ ілімі жоғары саналатын имамдардың өзі ақсақалдардың өсиеті мен өмірлік тәжірибесіне мұқтаж екенін айтса, облыстық «Аналар» кеңесінің төрайымы Нілзия Рахышева аналардың қоғамдағы рөлін айта келіп, «Әкелер» кеңесі де құрылса деген ұсыныс тастады. Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Жапар Сатылғанов қазіргі карантин талаптарына байланысты тойды тоқтату, талаптарға бағыну туралы ой қозғады. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Таутен тәрбиені күшейту мақсатында алдағы уақытта әр қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтары жанынан «Сенім», «Жас әкелер» клубтары құрылып, ардагерлермен бірлесіп жұмыс істейтінін айтып өтті.

    Жиын барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев бірлесіп жұмыс атқару бойынша меморандумға қол қойды.

    Жиын соңында биыл 80 жасқа толған ардагер Оңалбек Досаевқа, 75 жасқа толған ақын Қайырбек Асановқа, 70 жасқа толған ардагер Мұхаметілдә Байшоновқа құттықтау хаттар тапсырылып, құрмет көрсетілді. Ал рухани тәрбие жұмыстарында ардагерлер кеңестеріне үнемі қолдау көрсеткен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың атына алғыс айтылды.

 

Есет Досалы,

Ақ жол. -  2020 жыл. - 28 тамыз (№100). – 2 б.

Яндекс.Метрика