Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Бәрі де тәуелсіздіктің арқасы

   Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты оқырмандар конференциясы өтті. Жиында өңірдегі сан салада еңбек етіп жүрген теуелсіздіктің құрдастары бас қосып, егемендіктің ертеңі, жарқын болашағы турасында жоспар-ұсыныстарымен бөлісті.

    Ең алдымен сөз тізгіндеген филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақ жыл басында жарық көрген Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын негізге ала отырып, ел егемендігі жолындағы жанкешті еңбекті атап өтіп, өткенімізге шолу жасады.

 - Тәуелсіздік жайлы сөз қозғағанда әрдайым Елбасының еңбегін құрметпен еске алуға тиіспіз. Алпауыт Ресей, алып Қытай секілді мемлекеттермен мәмілеге келіп, шекарамыздың шегенделуі де тәуелсіздіктің ең үлкен жетістігі. Тәуелсіздіктің арқасында бұл күнде мәртебелі, мәрт пейіл мемлекетке айналып отырмыз, - деген Сәмен Оразғалиұлы руханиятымыздың абызы Шераға мен Елбасының сонау 1958 жылғы Теміртаудағы жүздесуінен бастап, егемендіктің нәтижесінде қазақ мектептері мен балабақшалары көбейгенін, тіпті Тараз атауының қайта оралғанын жеткізді.

   Бұдан кейін сөз алған филология ғылымдарының кандидаты, М.ХДулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті Темірбай Мұқашев қазіргі уақытты тәуелсіздікке дейінгі кезеңмен салыстырмалы түрде суреттеп берді.

 - Тәуелсіздік дегеніміз - ол ең алдымен өз-өзіңді тану. Өзіңдікін өзімдікі дей алу. Ұлттық ой, ұлттық сана тек тәуелсіз елдерде ғана болады. Тәуелсіздік бізге тегіннен-тегін немесе кездейсоқ келген жоқ. Он буын ұрпақ тәуелсіздіктің тасасында, азаттықты армандап өтті. Қаншама рет жойылуға шақ қалдық. Кез келген нәрсе кемеріне жеткен кезде ғана тасиды. Дәл сол секілді ғасырлар бойы бостандыққа деген ұмтылыс бойымызда булығып келіп, 1986 жылы жастар алаңға шықты. Мүдделер мен мақсат, армандар бір арнаға тоғысқанда ғана халық осылай бас көтереді. Әйтпегенде ондай екпінмен мыңдаған адамның басын қосу мүмкін емес. Сондықтан тәуелсіздіктің әр сәтін қадірлей білейік, - деді Темірбай Әлімұлы.

   Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа тәуелсіздікті сақтап қалудың бірден-бір жолы - еліміздің даму көздерін қорғап, жетілдіріп, патриотизм арқылы мемлекеттің потенциалын қалыптастыру керек екендігін жеткізсе, облыстық мәслихаттың депутаты, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек егемендігімізді баянды ету үшін, ең алдымен ана тілімізді қадірлеумен, ұлттық құндылықтарға деген мәдениетімізді көтерудің маңыздылығына тоқталды.

   Конференцияның өзге де қатысушылары өз ойларын ортаға салып, тәуелсіз ел болашағы үшін ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруден асқан бақыт жоқ екенін әсерлі жеткізді.

   Сонымен қатар облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Таутен, онлайн байланыс арқылы әр аудандағы тәуелсіздіктің құрдастары ізгі лебіздерін жеткізіп, пайымды пікір алмасты.

Нуржан ҚАДІРӘЛІ

АRAI.-2021 жыл.-18 ақпан (№7).-2б.

Яндекс.Метрика