«Таңсық болмас тауқыметке таңғалу,
Қайманаға қиын бірақ аңғару.
Әлі талай ақынға азық болады-ау,
Құнанбайдың баласынан қалған У», - деп жырлаған, жырлап кеткен ақ жалын ақын Серік Томанов көзі тірі болғанда биыл 65 жасқа толатын еді. Өршіл рухтағы өлеңдерін оқып ортамызда жүретін еді. Амал қанша? Тағдыр ғой. Секең ортамыздан ерте кетті. Алайда «Ақын деген ақиқат, ақымақ-ау, ақиқаттың көріп пе ең жеңілгенін» деп өзі жазып кеткендей Секеңнің өлмес жырлары кітапқа айналып, оқырманның жүрегінен орын алып, биікте тұр.
Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалы мен Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы бірлесіп, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламасынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ақын Серік Томановтың рухына арналған «Жұлдыздан терем өлеңді...» атты еске алу кешін ұйымдастырды. Іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын Хамит Есаман ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз Серік Томановтың сыныптасы, мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жыл жемісті еңбек атқарған Үртай Сапақоваға берілді. Ол Серік ақынның оқушы күнінен есепке жүйрік, алғыр болғанын айта келіп, замандасы туралы сырларымен бөлісті. Сондай-ақ Серік Томановтың шығармашылығын насихаттау мақсатында түрлі байқау өтсе деген ұсынысын айтып, сыныптасының бір өлеңін оқып берді. Мұнан соң ақынның жары Бибігүл Оразбаева сөз алып, Серік ақынның толғанған сәттеріне, перзенттеріне берген тәрбиесіне тоқталып: «Өміріміз жұрт ойлағандай жоқшылықта өткен жоқ. Менің Серігім Қазақстан Жазушылар одағының мүшелік билетін алмаса да, үлкен қызметте отырмаса да, талантымен елдің құрметіне бөленді. Талантын Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова секілді қазақтың біртуар ақындары бағалады. Ол кезде бақытты едік, қазір де бақыттымын. Себебі Серік ұрпағымен, өлеңдерімен әлі де ортамызда. Ол туралы Серік: «Мені жүз жылдан кейін де тарих ортаға алып шығады» дейтін...», - деді. Қазақтың белгілі ақыны Маралтай Райымбекұлы Алматыдан бейнежазба арқылы толғанысын жолдап: «Серіктің әр өлеңі лүпілдеген жүрек еді...», - деп бағалады.
Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова ақын Серік Томановтың соңғы кешін қалай өткізгені, сол кештен кейін төрт күннен соң қайран ақыннан көз жазып қалғанымыз туралы толғана баяндады. Ақынның туған жерінен арнайы келген Талас аудандық мәслихатының хатшысы Қадірбек Садубаев өршіл ақынға деген құрмет толастамайтынын айта келіп, ақынның жары Бибігүл Оразбаеваның иығына ақ орамал, үстіне қамзол жауып, құрмет көрсетті. Мәдениет саласының үздігі Пернебек Оспанов, ақын Асқарбек Айдаров, композитор Сәрсенбек Бәкір әсерлі естеліктерімен бөлісті. Ақынның шәкірті, ақын Азамат Есалы мен жас ақын Елдар Боранбек Секеңнің отты өлеңдерін шабыттана оқыды. Кейіннен жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз сөйлеп, Серік Томановтың жастай білімді, мектеп жасынан қатарластарынан озық болғанына тоқталып, жерлесі жайлы тебірене ой толғады. Ақынның баласы Еркін Жапаров әкесінен 16 жасында қалғанын, асқар тауын сағынатынын және өлмес өлеңдері үшін шүкіршілік ететінін айта келіп, еске алуға жиналған көпшілікке алғысын білдірді.
Кеш соңында композитор Сәрсенбек Бәкір «Сезімді қайтем тулаған...» атты әнін (сөзі С.Томановтікі) әсерлі орындаса, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, Мәдениет саласының үздігі Мадина Сағынбекова ақын Серіктің сөзіне жазылған «Аққулар» әнін (әні Орынбасар Әбжаппаровтікі) тебірене шырқап, жүректерге жеткізді. Соңынан ақын рухына Құран бағышталды. Ақын Хамит Есаман қорытындылаған кешке барлық аудандық кітапханалар жүйесі «ZOOМ» платформасы арқылы қосылып отырды. Ал ақынның туған күніне орай өткізілген іс-шара барысында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін оқырмандарға арналған кітапханасы директорының орынбасары Гүлнұр Алтынбекова С.Томановтың жары Бибігүл Оразбаевамен онлайн сұхбат өткізгенін де айта кеткеніміз жөн.
Тарт қолыңды!Ақынға тиме, надан!
Ақымақтық – ақынды сыйламаған.
Ақын деген Аққуы адамзаттың,
Адалдықты қайта сен үйрен одан, - деп жырлаған ақын жырлары оқырманымен бірге жасай беретіні анық.
...Ақынды еске алу кешінен шыққанымызда далада нөсер жаңбыр төгіп тұр екен. Тіпті, Серік ақынды табиғаттың өзі де жоқтап тұрғандай еді...
Есет ДОСАЛЫ,
«Aq jol».-2021 жыл.-27 ақпан.-5б