«Өрлеу» БАҰО АҚ 5 жылдығына орай «Өрлеу» - Тараз «Инновациялық технологиялар және ғылыми-жаратылыстану (пәндерді) оқыту әдістемесі» кафедрасының ұйымдастыруымен
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында
«Латын әліпбиіне көшу: мәселелері мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Латын әліпбиіне көшу заман талабы. Осы орайда ой қозғап, пікір алмасу мақсатында шараға «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арын Асқарбеков, Түркітану ғылыми- зерттеу орталығының жетекшісі, профессор Қасиет Малгаздаров, Мемлекеттік тілді оқыту орталығының аға оқу әдіскері Айжан Алишева, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана директоры Эльмира Абдинова, ТарМПУ-ның ф.ғ.к, доцент Гүлзинат Қарынбаева және тағы да басқа тіл жанашырлары қатысты.
Шараны «Инновациялық технологиялар және ғылыми-жаратылыстану пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушылары Баян Байхадамова мен Гүлхан Аманова ашып, кіріспе сөзінде алқалы жиынға қатысушыларды рет-ретімен таныстырып, іс-шараның мән-мазмұнына, мақсат-міндеттеріне қысқаша тоқталды. Сондай-ақ латын алфавитіне көшудің жай-жапсарын, оның қажетгілігін баяндады.
Жиын барысында Латын қарпіне қазақ тілінің біртіндеп көшуі, «Жаңа ғуманитарлық білім. Қазақ тілінде 100 жаңа оқулықтар», «Қазақстанның жаңа жағрафиясы», «Жаһандану әлеміндегі қазіргі қазақ мәдениеті», «Қазақстанның 100 жаңа тұлғалары» жайлы сөз болды.
Латын әліпбиіне көшу: мәселелері мен болашағы талқыға түскен отырыста Латын алфавитіне көшудің қиындықтары да қозғалды.
- Сөз жоқ, латын алфавитіне өту қазақ тілінің әлеуметтік мәртебесін көтеріп, аясын кеңейтуге арналған реформа - жай ғана алфавит алмастыру емес, оның терең экономикалық, мәдени, этникалық проблемалар туғызатыны анық және біз оған дайын болуымыз керек. Осыдан, латын алфавитіне қалай сұраныс тудырамыз деген мәселе туады.
Еліміздің латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Әрине ұлт үшін маңызды өзекті мәселелердін онды шешілуіне қосып отырған кәсіби білікті мамандардың пікірлері ескеріліп, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін жасалу жолдарына қатысты өрбісе және басқа елдердің тәжірибесіне қарап салыстыра отырып жасалса, құба-құп болар еді. Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу - ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың кайта жаңғыруына жол ашады демекпін, - деді «Өрлеу» БАҰО БАИ директорының орынбасары м.а. профессор Әлібек Нұрымбетов.
Іс-шара барысында латын графикасы негізінде қазақ әліпбиінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік беретін қажеттіліктер туралы пікірлер ортаға салынды.
Ал өз латын қаріпін жаңаша жасап, көпшілікке ұсынып жүрген Түркітану ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, ф.ғ. докторы, профессор Қасиет Малғаждаров болса қандай алфавитке көшсе де, таңба ғана өзгеретінін, ең бастысы халыққа қиындық тудырмайтын тиімділігіне баса назар аудару керектігін баса айтты.
Осы орайда алғашқы латын әліпбиінің шығарылуы бойынша «Неге Елбасының алдына халықтың талқысына түспеген әіліпби барады?» деген сауал туындайды. Қазақ халқы үшін абыройымызды асқақтататын алфавит болса, соның өзі үлкен мәртебе. Халықтың қазақ әліпбиінің өзгеруіне бей-жай қарамай, өз ойларын ортаға салып, әлеуметтік желі арқылы пікір білдіріп, ой қозғап жатқаны қуантады,- деді ол.
Құралай Сейсенбекқызы
Жамбыл Тараз. - 2017. - 1 қараша (№44). - 4 б.