Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Отыз кітап - отыз қазына

   Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған кітапханалық бульварда «Кемеңгерліктің 30 жылы», «Қазақ әдебиеті - ұлттық құндылық қайнары», «Бір ел - бір кітап: 2021» республикалық акциялары аясында 30 кітап, одан бөлек, «Өткені -өнеге, болашағы жарқын Жамбыл облысы», «Егемен елдіктің өшпес рухы» тақырыптары аясындағы әдебиеттер орналастырылды.

   Іс-шара барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақ сөз сөйлеп, кітаптың қай кезде де таусылмас қазына екеніне тоқталып, бұрын көркем әдебиеттер 100 мың данамен шығарылса, қазір 4-5 мың данадан аспай тұрғанына қынжылыс білдірді. Ол кітаптың ұлт руханиятын танытудағы рөлін сөз етті. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының шетел тілдеріне аударылуы арқылы қазақ халқының бүкіл болмысы әлем елдеріне танылғанына терең тоқталып, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына ризашылығын білдірді. Мұнан соң Тараздағы «Астана» колледжінің студенттері Ақпейіл Мәтен, Нұргүл Әлиева, Әдемі Мұратова және кітапхананың тұрақты оқырманы Еркеназ Құдайберген Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов жырларынан үзінділер оқыды.

   Жалпы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай таңдалған 30 кітаптың ішінде Мұқағали Мақатаевтың «Өмірдастан», Жұмекен Нәжімеденовтың «Менің Қазақстаным», Ұлықбек Есдәулеттің «Киіз кітап», Серік Ақсұңқарұлының «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» поэзиялық кітаптары, Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Періштелердің өлімі», Дәурен Қуаттың «Бөрісоқпақ», Тұрысбек Сәукетайдың «Желқайық» прозалық кітаптары, Рахымжан Отарбаевтың «Айна ғұмыр», Дулат Исабековтің «Жеті желкен», Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» драмалық шығармалары да бар.

   - Биыл еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы. Сонымен қатар Абылай ханның туғанына - 310, Жамбыл Жабаевтың туғанына - 175, Ұлт азаттық көтерілісіне - 105, Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл. Біз аталған тақырыптардың барлығын қамтуға күш салып отырмыз, - деді кітапхана директоры Эльмира Абдинова.

Есет ДОСАЛЫ,

 «Aq jol».-2021 жыл.-18 наурыз (№31).-8б.

  

 

Яндекс.Метрика