Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Өлең – кие, өлең – өре, өлең - рух

   А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айша Көпжасарованың «Өлең - кие, өлең - өре, өлең - рух» атты шығармашылық кеші етті.

   Жыр кеші «Ақкербез» бишілер ансамблінің әдемі биімен ашылып, әрмен қарай Үміт Битенованың «Мама» әніне жалғасты. Әсем әннің ырғағымен кітапхананың ұлттық киім киген арулары ақын Айшаны демеп, сахна төріне құрметтеп алып шықты. Келесі кезекте аталған кітапхананың кітапханашы қыздары Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың А.Көпжасарова жайлы толғаныс, ой-толғамдарынан үзінділер оқып берді. Мұнан соң кеш иесі сөз алып, әдемі кешті ұйымдастырушыларға, өзін құрметтеген, киелі өлеңді қадірлеген облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, кітапхана ұжымы мен Жуалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, облыстық қазақ драма театрының басшылығына, жалпы поэзияға құмар көпшілікке, жақындарына алғысын білдірді.

   Кеш барысында театр және кино актрисасы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықова ақынға ақжаулық жауып, ізгі тілегін арнады. Мұнан соң ақынның замандасы, жазушы Елен Әлімжанның аудио құттықтауы көпшіліктің назарына ұсынылды. Әдемі естеліктермен көмкерілген жыр кешінде ақынның сөзіне жазылған Әбиірбек Тінәлінің «Дегелегім», Мэлс Өзбековтің «Келші Құланға!» сынды бірнеше әнін облыстық филармонияның әншілері орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

   Әсіресе Қаратау қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназияда (бұрынғы №22 партсьезд мектебі) осыдан 50 жылдай бұрын Айша Жұмағұлқызынан білім алған шәкірті Бағила Арыстанованың құттықтауға келгені ақын үшін ерекше тосынсый болды. Сонымен бірге келіні Жанна Көркембаеваның да сахнаға көтеріліп, құттықтауы және «Қазақпын» өлеңін оқып бергені ақынға ерекше көңіл күй сыйлады.

   Мұнан соң Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Хамит Есаман кеш иесін құттықтап, «Айша апайдың есімін оқушы кезімізден білеміз. Қоғамға ой салатын кестелі жырларын оқып өстік. Ақынның сәулелі шығармалары бізге қашанда қымбат», деп шығармашылығына жоғары бағасын берді. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева да құттықтап, ізгі тілегін арнады. «Айша ақын – қазақ қыздарының символы. Біз ақын әпкемізбен мақтанамыз. Айша ақын осы театрда 20 жыл әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен. Айша Көпжасарованың мерейлі жасына арналған үлкен іс-шара күзде өтеді. Сол уақытта ақынға үлкен құрмет көрсетілетін болады», деп ақжарма тілегін жеткізген Сара Қабылбекқызы ақынға сый-сияпат жасады. Кеш соңында сахнаға ақынның баласы Айбек (Бүркіт) пен келіні Аиша шығып, әннен шашу шашты.

Айжан Өзбекова,

«ARAI».-2021 жыл.-19 наурыз (№14).-3 б.

Яндекс.Метрика