ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бірлескен бастамасына сәйкес «Парасат жолы» жобасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында аталған агенттіктің облыс бойынша департаменті мен кітапхана ұжымы бірлесіп өткізген «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!» атты Наурызға шашу кешінің де мәні мен маңызы зор болды.
Іс-шараны Мəдениет саласының майталман маманы, мəдениет, спорт, туризм, ақпарат салалары бойынша облыстық салалық кəсіподақтың төрағасы Дүйсенəлі Бықыбаев тағылымды сөзімен ашып, жүргізіп отырды. Алғаш сөз алған аталған департаменттің жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиев əз Наурыздың таусылмас тағылымына, «Парасат жолы» жобасының маңыздылығына тоқталды.
Мұнан соң ақын Үміт Битенова сөз алып, Наурыз мерекесіне деген ақ пейіл, ниетін ақтарып, тіпті жақында жапалақтап жауған қарды жақсылыққа балайтынын жеткізді. Ақынның айтуынша, қазақ халқы «Наурызда жауған қарды «Наурыздың ақша қары немесе «Құс жолы» деп атаған. Үміт Қыранқызы əз Наурызда барша отандастары жақсылыққа кенелуін тілеп, жамандық, індет ескі жылмен кетсін деген ниетін жеткізді. Өзге де қонақтар тілек ақтарып, өлең оқыды. Əсіресе Тараз қаласындағы №12 мектеп- гимназиясының оқушылары Гүлназ Жамалбек пен Аяла Жүнісбек өздерінің жүректерін жарып шыққан өлеңдерімен толғанса, Нұрай Қалдыбай мен Жұлдызай Үсен Наурыз мерекесінің тарихы жайлы сыр шертті. Жалпы, іс-шараға қатысушылар наурыз көжеден дəм татып, бір-біріне, қазақ халқына береке мен амандық тіледі. Өзара жақсы əңгіменің тиегін ағытып, жас жеткіншектерге баталарын беріп, риза көңілмен тарқасты.
Есет Досалы,
Aq jol. - 2021 жыл. - 25 наурыз. - 2 б.