Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Кітапхана - мәдени орта

  Еліміздегі тарихы терең алатын, кітап қоры бай кітапханалардың бірі – Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы. «Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет» деген көрнекті жазушы Оралхан Бөкей. Адамзат өркениеті қаншалықты жедел дамып, әлемді ақпараттық технологиялар билеген уақыттың өзінде кітапхананың атқарып, жатқан жұмысы орасан.

    Кітапхана түрлі жобалармен жұмыс жасап, кітапханаға оқырман тартудың жаңа үлгілерін көрсетуде. Мәселен: «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру», «Жамбыл облысы: адамдар оқиғалар, фактілер», «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар», «Шоқан асулары» жобалары.

   Биылғы жылдың өзінде көптеген мәдени іс-шаралар өтіп, карантин талаптарын сақтай отырып, өз оқырмандарымызға қуаныш сыйлай білдік. Мәселен, «Тәуелсіздіктің ақ таңы» оқырмандар конференциясы, абыз ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Өлең сөздің даңғылы – бар қазақтың Жамбылы» жыр додасы, Қазақстан жазушылар одағының облыстық филиалымен бірлесіп, ақын Серік Томановтың туғанына 65 жыл толуына орай еске алу кеші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айша Көпжасарованың 80 жас мерейтойына орай «Өлең – кие. Өлең – өре. Өлең – рух» шығармашылық кеші, жазушы, драматург, публист, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу тобының жетекші ғылыми қызметкері Елен Әлімжанның шығармашылығына арналған «Тау тұлғамен сыр-сұхбат» танымдық сағаты, ақын Дәурен Берікқажыұлымен «Ақын – елдің ардағы» кездесу кеші өтті.   

  Біз, кітапханашылар, кітапхана мәртебесі, білім бұлағының қайнар көзі-кітапханамыз сарқылмай, өркендей беруі жолында аянбай еңбек ете береміз.

 

Дариға САТОВА, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі.

«Jambyl-Taraz».- 2021 жыл.- 7 сәуір (№14).- 12 б.

Яндекс.Метрика