Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева бірқатар мемлекеттік мекемелерде болып, құрылымдық ұйымдардың тыныс-тіршілігімен танысты. Жазира Жақсылыққызы мен «Парасат жолы» республикалық орталығының жетекшісі Сәдібек Түгелді ең алдымен аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қабылдап, еркін форматта әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында Бердібек Машбекұлы жемқорлықты түп-тамырымен жоюды мақсат еткен жобаның қоғам үшін маңызы зор екенін тілге тиек етті.
– Қазіргі заманда адамзат баласына ең әуелі тәртіп керек. Заңның баршаға ортақ екенін, оны сақтап, қадірлеу – әркімнің парызы екенін әр адамның түсінуі маңызды. Бұл ретте Жамбыл облысында жемқорлыққа жол бермеу бағытында ауқымды жұмыстар істелуде. Басты мақсат – парақорларды жазаға тартып, темір торға тоғыту емес, керісінше азаматтардың қоғам кеселіне шалдығуының алдын алу. Ол үшін насихат жұмыстары ауадай қажет, – деді облыс әкімі.
Келесі кезекте сөз алған Жазира Жақсылыққызы өңірге келгендегі мақсат-міндеттерін түсіндіріп өтті.
– Біз «Парасат жолы» жобасын насихаттаумен қатар, жамбылдықтарға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіруді көздеп келдік. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың агенттік бекіткен «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын» іске асыруына сыртқы талдау мен бағалау жасаймыз, – деді Ж.Жылқышиева.
«Парасат жолы» республикалық орталығының жетекшісі Сәдібек Түгел аталған жоба Қазақстан тарихында тұңғыш рет жанданып отырғанын баса айтты. Сондай-ақ оның негізгі бағыттары мен басымдықтарына тоқталды.
Кездесу соңында аймақ басшысы қонақтардың жұмысына сәттілік тілеп, жобаның Жамбылда жүзеге асуына атсалысатынын жеткізді.
Астаналық топтың іссапар аясында алғаш ат басын бұрған нысаны «Antikor» сервистік орталығы болды.
Жиында ең әуелі «Парасат жолы» республикалық орталығының жетекшісі Сәдібек Түгел сөз алып, адалдық пен әділеттілік төңірегінде ой қозғады.
– Мен адалдықты, әділдікті жақсы көремін. Менің басты құндылықтарымның бірі – әділеттілік. Сондықтан біздің қоғамда өмір сүретін әрбір адам өзіне, өмірге, балаларға, қоғамға, Отанға әділ болуы керек. Сонда ғана жемқорлық, ұрлық және басқа да қиыншылықтар болмайды, – деді С.Түгел.
Одан кейін ол «Сервистік орталықтардың» жұмысының маңыздылығына тоқталды.
– Жоба Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Онда транспаренттілік, есептілік және қоғамдық диалог құру бірінші орында тұр. Бұл ретте сервистік әкімдікте келушілер үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де қолайлы, – деді агенттік өкілі.
Бұдан соң ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева жиынға қатысушыларға агенттіктің саясаты мен атқарып жатқан жұмыстарын кеңінен баяндады. Сонымен қатар «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның» орындалуына мән берді. Оның ішінде 2018-2020 жылдарға арналған жоспар тармақтарының өңірдегі орындалуы жайында сөз қозғалды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелері мен заңға енгізілген өзгерістерді де атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «1424» Call-орталығының азаматтарға тегін ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету жайы да назардан тыс қалмады.
Келесі кезекте астаналық топ облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің фронт-офисімен танысты. Мұнда фронт-офиске жүгінген азаматтардың мәселелері оң шешімін тауып жатқаны және ашық форматтың тиімді тұстары айтылды.
Сонымен қатар Жазира Жақсылыққызы мен Сәдібек Түгел кірістер департаментінің қызметкерлерімен де кездесті. Басқосу барысында ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жүргізілген ішкі талдау жұмыстарының есебі тыңдалды. Анықталғандай, жемқорлық тәуекелдері бойынша 2 мәселе туындаған. Жазира Жақсылыққызы аталған түйткіл төңірегінде методикалық кеңестер жүргізіп, ішкі талдау жұмыстары көзбояушылық емес, шынайы зерделенуі тиіс екенін баса айтты.
Ал өз кезегінде сөз алған Сәдібек Түгел парасаттылық идеологиясын дамыту, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру қажеттілігі туралы орамды ойларын ортаға салды.
Елордалық қонақтар жұмыс сапарлары барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттерімен кездесті. Кездесуге студенттермен қатар, оқытушылар құрамы мен қызметкерлер де қатысты. Кездесуді ашқан басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Ержан Әмірбекұлы университетте академиялық адалдықты сақтау барысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Оқу ордасында барлық қызмет көрсету түрлері ашық форматта, тазалыққа негізделгенін тілге тиек етті. Ал «Саналы ұрпақ» студенттік клубының төрағасы, «Экономика және құқық» факультетінің студенті Бекзат Әбдіхалық клуб жұмысы туралы ақпарат беріп, жастардың жемқорлыққа қарсы ойын жеткізді.
Өз кезегінде Жазира Жақсылыққызы университетте атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, студенттердің ой-пікірі, қадам алысы қуантарлық екенін жеткізді. Әрі қарай кездесуге қатысушылар жемқорлық салдарын суреттейтін, соңы үлкен өкінішке алып келетін оқиғаға негізделген роликті тамашалады.
Сәті түскен кездесуде Сәдібек Түгел «Айдың үздік кураторы» байқауының қорытындысы бойынша наурыз айының жеңімпазы болған «Биология» кафедрасының аға оқытушысы Гүлчехра Қуандықованы марапаттады.
«ARAI»-ақпарат,
ARAI.-2021 жыл.-2 сәуір (№18).- 2б.