Жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел «Өткен жылдың тамыз айында Антикор Ұлттық академиялық кітапхана базасында шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен тікелей эфирде кездесу өткізіп, онда адалдық, әділдік және парасаттылық қағидаттарының маңыздылығы талқыланды. Парасаттылық идеологиясын насихаттау мен ілгерілетудің маңыздылығын ескере отырып, кітапханалар базасында «Парасат жолы» филиалдарын жаппай ашып, елордалық тәжірибені еліміздің барлық өңірлеріне тарату туралы шешім қабылданды»,- деді. Сөйтіп ол жобаны жүзеге асыруға тек кітапхана қызметкерлері ғана емес, ғалымдар, жазушылар, ақындар, теологтар, дін өкілдері де тартылатынын атап өтті.
Ал Жазира Жылқышиева облыс әкіміне «Парасат жолы» жобасының альбомын сыйға тартты.
Жұмыс жоспарына сәйкес қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел «Jambyl» арнасының «Таңғы тайм» бағдарламасына қатысып, журналистерге сұхбат берді. Одан кейін олар «Antikor» сервистік орталығымен және «Жамбыл - адалдық алаңы» жобалық кеңсе жұмысымен танысып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті қызметкерлерімен кездесті. Онда «Парасат жолы» республикалық орталығының жетекшісі Сәдібек Түгел сөз алып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде сөз етті.
Біздің қоғамда өмір сүрген әрбір адам өзіне, өмірге, балаларға, қоғамға, Отанға әділ болуы керек. Сонда сыбайлас жемқорлық, ұрлық және басқа да қиыншылықтар болмас еді», - дей келіп, өзі басқарып отырған орталықтың жұмысымен таныстырып, жиналғандарды елінің патриоты болуға шақырды.
Сонымен бірге ол «Сервистік орталықтардың» маңыздылығына да тоқталды. «Бұл жоба Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Онда транспаренттілік, есептілік және қоғамдық диалог құру бірінші орынға шығады. Бұл ретте сервистік әкімдікке келушілер үшін барлық қажетті жағдайлар, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де қолайлы жағдайлар жасалған», - деді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева өз кезегінде Агенттіктің саясаты мен атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Сонымен қатар 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалу барысы, оның ішінде 2018-2020 жылдарға арналған жоспардың тармақтарын өңірдегі орындалуы жайында сөз қозғалды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелері де іс- қимыл агенттігінің «1424» Саll- орталығы азаматтарға тегін ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету жайы да назардан тыс қалмады.
Келесі кезекте жұмыс тобы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің фронтофисімен танысып, кірістер саласының мамандарымен де кездесті. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Асхат Мүлкібековтың айтуынша, кірістер саласында 507 қызметкер жұмыс істейді екен. Өткен жылы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі «Цифрлық Қазақстан» аясында 84 пайыз электронды жүйеге енсе, биыл 97,7 пайызға жетіпті. Ал департаменттің бөлім басшысының міндетін атқарушы Қанат Есімов мекеме ішінде құрылған адалдық алаңы жұмысы бойынша баяндама жасады.
Төраға орынбасары Жазира Жақсылыққызы жұмыс кезеңінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қанша құкық бұзушылықтың орын алғанын сұрады. Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, биылғы бірінші тоқсанда ешқандай құқық бұзушылық орын алмапты. Ал өткен жылы кеден саласында екі оқиға орын алып, басшылары жұмыстан босатылыпты.
«Ішкі талдау жүргізгенде оған қоғам өкілдерін қатыстыру керек. Қазір Заңның қатаңдатылғанын жақсы білесіздер. Енді сыбайластыққа жол берген азаматтар бұрынғыдай жазадан құтылып кете алмайды. Оларға абақтыдан мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігі алынып тасталды. Ал енді қызметкері парамен ұсталса бірінші басшы жауап беретін болады», - деді Жазира Жақсылыққызы.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев сөз алып, облыста тұрмыстық жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыс барысына, шекара мәселесіне тоқталды. Өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарып жатқан және «Жамбыл — адалдық алаңының» жұмыс барысын баяндап өтті.
Бұдан кейін жұмыс тобы облыс әкімдігі білім басқармасында мектеп және колледж директорларымен кездесу өткізді. Жиынды білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова ашып, білім саласы бойынша жеткен жетістіктерін баяндап өтті.
Жиында Жазира Жақсылыққызы «Біз сыбайлас жемқорлыққа басым салалар мен мемлекеттік органдардың тізімін жасадық. Кестеге қарайтын болсақ, елімізде өткен 3 жыл ішінде 2180 адам сотталған. Соның ішінде бұл қылмысқа полиция органдарының көп жол беретіндігі белгілі болды. Яғни осы мерзімде сыбайлас жемқорлыққа жол берген 449 полиция қызметкері сотталған. Ал екінші орында 304 адаммен білім саласының қызметкерлері тұр», - дей келіп, білім саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
Республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі Сәдібек Түгел мектептерде, мектеп кітапханаларында «Парасат жолы» орталықтарын ашып, жастармен жұмысты күшейту керектігін сөз етті. Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Равил Төлебаев қазіргі таңда жоғары оқу орындарында «Таза сессия», «Адал ұрпақ», «Парасат жолы» сынды жобалардың жұмыс істеп жатқанын тілге тиек ете келіп, халықтың сыбайлас жемқорлыққа деген санасын мектептен бастап саналы түрде өзгерту керектігін айтты. Оған ең алдымен мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, колледж басшылығы мен ұстаздары үлес қосу керек екенін баса айтты.
Кездесу барысында мектеп және колледж деректорлары жұмыс тобымен пікір алмасып, сұрақтар беріп, оған жауап алды.
Бұдан кейін олар Тараз қаласы әкімдігінің «Сервистік әкімдік» орталығы жұмысымен танысып, М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Саналы ұрпақ» фронт офис студенттерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасындағы «Парасат жолы» орталығының, орталық музей жұмысымен де танысқан болатын.
«Парасат жолы» орталығының өкілдері Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандарын да аралады.
Тараз қаласы, Байзақ, Жуалы, Жамбыл аудандары,
«Aq jol».- 2021 жыл.- 3 сәуір (№37).- 2 б.