Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Жалынды жастар Абай өлеңдерін жатқа оқыды

    Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы өңірдегі интеркультурализм қағидаттарын ілгерілету, оның ұстанымдарын насихаттау мақсатында және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, түрлі этнос өкілдерінің жастары арасында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Абай – дана, Абай – дара қазақта» тақырыбында поэзия минуттарын өткізді.

    Ерекше форматта өткен поэзия кешіне орыс, өзбек, түрік, түрікмен, әзірбайжан, ұйғыр этномәдени бірлестік өкілдерінің жастары қатысып, ұлы ақынның шығармаларын өз ана тілдерінде жатқа оқыды.

    Іс-шараға қатысушы облыстық «Jambyl tv» телеарнасының қызметкері, Өскеменде Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған этнос жастары арасындағы «Абай оқулары» республикалық байқауының бірінші орын иегері, облыстық Ұйғыр этномәдени бірлестігінің өкілі Мухаббат Алеханова поэзия кешіне: «Жастардың ұлттық поэзияны құрметтеуі, оның ішінде Абай шығармашылығына деген қызығушылықтары мен өлеңдерін өз ана тілдерінде мәнерлеп оқуы мені айрықша қуантып отыр. Өзге тілдерде ақын шығармаларын тындау сондай қызық болды. Мемлекеттік тілді тез меңгерген маған, өзімнен кіші жастардың қазақ тілін білуге деген құштарлығымен қоса, өз ана тілдеріне деген құрметті мені өздеріне тәнті етпей қоймады. Таразда осындай жастардың өсіп-өркендеп келе жатқанына іштей риза болып, кеудемді қуаныш кернеді», - деп өзінің ыстық ықыласын білдірді.

    Айта кету керек, поэзия минутына көптеген байқауда бақ сынап, мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетіп жүрген этнос жастары қатысты.

 

«Aq jol» - Aqparat - 2021. - 18 қыркүйек (№87). – 5 б.

Яндекс.Метрика