Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Нашақорлық – қауіпті індет» атты наразылық акциясы өтті. Оған қаламыздың қоғамдық ұйымдарының белсенді мүшелері, ерікті жастар және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Акцияның мақсаты – нашақорлық індетінің тамырына балта шабу, бүгінде бүкіл адамзат баласының өміріне қауіп төндіріп отырған нашақорлық пен есірткі бизнесі және жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Кітапхана қызметкерлері акцияға қатысушы жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, нашақорлықтың алдын-алу туралы кеңінен талқылап, зиянды да жат қылықтарға біздің қоғамда орын жоқ екендігін жеткізді.
Акция аясында ішімдік, темекі тарту құмарынан құтылу, нашақорлықтың алдын алу және одан емделу мәселелері бойынша психолог мамандары мен нарколог дәрігерлер өз кеңестерін беріп, іс-шараға қатысушыларға есірткінің алдын алу шаралары туралы буклеттер мен үнпарақтар таратылды.
Ақмарал Құрманова,
кітап қорын сақтау бөлімінің меңгерушісі
Жамбыл Тараз.-2017 жыл.-15 қараша (№46).-13 б.