Алматы облысында Жамбыл облысының мәдениет күндері өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туғар жер» жобасы аясында шымылдығын түрген шара барысында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Өткені - өнеге, бүгіні - бекем, болашағы жарқын Жамбыл өңірі» кітап экспозициясын ұйымдастырды.
Бұдан бөлек, облыстың тарихын Алматы облысының тұрғындары мен қонақтарына таныстыру, насихаттау мақсатында өңірлік тарихи-өлкетану музейінің қорынан жасақталған «Тараз – Ұлы даланың көне шаһары» атты жылжымалы көрмесі өтті. Көрмеде Тараз шаһарының тарихын баян ететін әлемдік маңызы бар бірегей жәдігерлер мен артефактілер ұсынылды. Олар: сақ кезеңінің тарихын, мәдениетін айғақтайтын алтын әшекейлер, Тараз қаласының тарихын баяндайтын ортағасырлық тұрмыста түрлі мақсатта қолданылған қыш ыдыстар, хош иісті әтірлер, дәрілік заттар, сынаптарды сақтайтын жұмыртастар, майшамдар мен түрлі ою-өрнек таңбаланған тәрелкелер. Сондай-ақ ХХ ғасырда күмістен жасалған зергерлік бұйымдар – алқа, шекелік, шашбау, жүзік пен білезіктердің топтамасы да көпшіліктің таңданысын тудырды. Ал көркемсурет галереясы көрмесіне Тараз суретшілерінің «Ұрпақтар сабақтастығы: тарих пен болашақ жамбылдық суретшілер көзімен» атты туындылар топтамасы мен неміс суретшісі Л.В.Брюммердің қолөнер бұйымдары қойылды.
К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы болса, «Жаңарған Жамбылдан – жерұйығы Жетісуға!» атты мерекелік концерт ұсынды.
Мерекелік шарада Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтау сөз сөйлеп, жамбылдықтарға ақжарма тілегін жеткізді. Ал Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың ыстық ықыласын әкімнің орынбасары Дәулет Кәрібек жерұйығы Жетісудың әсем табиғаты бейнеленген картина табыс ету арқылы жеткізді. Концерттік бағдарламада «Алатау» фольклорлық ансамблі, «Ақкербез» және «Айша бибі» би ансамбльдері, «Кәусар» вокалдық ансамблі, «FirДауыс» квартеті, «Тараз-тарту» квартеті, Мәдениет саласының үздігі Ғани Мәтебаев және дәстүрлі-эстрада әншілері, облыстан шыққан эстрада жұлдыздары – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов және республикалық конкурстардың лауреаты Райым Уайс әннен шашу шашып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Дедек Төлен
«Jambyl Taraz». - 2021. - 10 қараша (№45). - 2 б.