Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Әлем мойындаған көтерілісті өзіміз мойындап жүрміз бе?

   1986 жылы қазақ жастарының асқақ рухын айқындап, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасы өткелі де 35 жыл зымырап өте шығыпты. Бірақ Тәуелсіздіктің алтын бесігінде тербелген бүгінгі бақытты ұрпақ аталған оқиға кезінде бас көтерген, сол үшін біраз жыл жәбір-жапа шеккен аға-әпкелерінің алдында қарыздар. Біз мұны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязовтың қатысуымен, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Парасат жолы» жобасы аясында өткен «Желтоқсан жаңғырығы жадымызда» атты әдеби реквиум барысында аңғардық.

   Іс-шарада «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Санат Қонарбаев 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының лайықты бағасын бермегенімізді айтты. Мұз үстінде тағдырлары «тар жол тайғақ кешті» күйге түскен қыз-жігіттердің ерлігі өшпейтінін айта келіп, өзі сол кездегі Жамбыл мәдени-ағарту училищесінде 1986 жылы 18 желтоқсан күні жүзге жуық жастарды қаланың орталық алаңына шығу жағдайын ұйымдастырғанын, сол үшін оқудан және комсомолдан шығарылғанын әңгімелеп берді. Филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев сол жылдары Шымкентте білім алғанын, ректор бастаған кісілер «Алматыда маскүнем жастар орталық алаңда бұзақылық жасапты» деген мәліметіне сенгенін, бірақ арада біраз уақыт өтіп, шындықтың беті ашылғанда, қамсыз қалғандарына ұялғандарын сөз етті. «Желтоқсан жайлы Бекежановтың «86-шы жылғы желтоқсан» деген кітабы – осы оқиғаны ашып жазған алғашқы шығарма. Одан кейін Мұхтар Шаханов жазды. Тұрысбек Сәукетаевтың «Ай қараңғысы» да желтоқсанға арналды. Рафаэль Ниязбектің «Тауқымет», «Көсем» шығармалары да Асанбай Асқаров пен Дінмұхамед Қонаевқа арнала отырып, желтоқсан оқиғасын кең қамтыған. Сәукетаевтың «Ай қараңғысын» оқығанда жаным түршікті. Білетінім қан қасапта жүрген қыз-жігіттердің біреуі де қызметке бара алған жоқ. Желтоқсан бізге көктен түскен жоқ. Ешкім Тәуелсіздікті бізге әншейін бере салмайтын еді. Олай ойлау - қиял, утопия. Мекемтас Мырзахметов ағамыз айтқандай, «Ұлттыкқ идеологияның қазіргі жетістігін ұрпақтарға жеткізу үлкен нәтиже», - деп сөзін түйіндеді. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, желтоқсаншы Бақытжан Мақашев өз сөзінде: «Ол кезде ҚазМУ-дың журналистика факультетінде 2-курс оқитынбыз. 1986-ның 17 желтоқсан күнгі аяз өте қатты болды. Сол аязда алаңға шығып таңғы 4-ке дейін жүрдік. Еш шаршамадық. Ақиқатқа, шындыққа жетсек, елге бір жақсылығымыз тисе деген оймен жүре бердік. Кейіннен естідік, 17 мың адам болған екен алаңда. Ертеңіне жазаға тартылдық. Менің үздік оқитыным ескеріліп оқудан шығармады, бірақ жатақханадағы орнымды алып қойды. Сол кезде елге тұлға болған көп кісінің үні шықпай қалды. Тіпті танымал жазушылардың ішінде Геннадий Колбинге «Сіздің келуіңізді 25 жыл күттік» деп жағынғаны да болды. Тек ақын Жұбан Молдағалиев қана қарсылық танытып, өз көзқарасынан айнымады. Желтоқсан ақиқаты әлі толық айтылған жоқ. Бұл - оқиға емес, шындығында көтеріліс еді. Белгілі қаламгер Талғат Айтбаев желтоқсан жайлы 10 том жазды. Ендігісін тағы жазамын деп отыр. Тарих әлі желтоқсанның шындықтарын анықтайды», - деді. Мұнан соң бейнеэкран арқылы Әбиірбек Тінәлінің «Желтоқсан желі» әні (сөзін жазған ақын Әбдірахман Асылбеков) орындалып, шымырлап жүректерге жетіп жатты. М.Х.Дулати атындағы өңірлік университеттің тарих және география кафедрасының меңгерушісі Мырзабек Ешмаханов, облыстық мәслихаттың депутаты, «Nur Оtan» партиясы облыстық филиалы «Jas Оtan» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек өз ой-пікірлерін жеткізді.

   Кездесуде желтоқсаншылар Гүлнар Тоқабаева, Ләззат Пірімқұлова және Сәуле Майкенова ызғарлы күндердің ақиқатынан сыр шертті. Жиынды Сыбайлас жемқорлыкқа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов қорытындылап, келген қонақтарға алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ,

«Aq jol». - 2021. - 20 қараша (№139). - 8 б.

Яндекс.Метрика