Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Жаңғырған тарих, жаңарған кітапхана

   Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы бірлесіп, өңір мәдениетіндегі жетістіктерін көрсету, оқырмандар арасында қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, өңір тұрғындарын Қазақстан кітапханалары жайлы қызық деректермен таныстыру, кітапханалар арасындағы байланысты нығайту бағытында «Ақмола-Әулиеата: жаңғырған тарих, жаңарған кітапхана» онлайн кітапханалық көпір ұйымдастырды.

   Кітапханалық көпірге қос өңірден шыққан зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, ақын, жазушылар, өнер майталмандары қатысып, өңір тарихынан сыр шертіп, жауһар жырлардан шашу шашты. Танымал айтыс ақыны Құдайберді Мырзабеков басқаратын, есімін ел ардақтаған Алмас Темірбайдай ақыны бар ақмолалықтар да тебірене сөз сөйлеп, тарих қойнауынан маңызды деректер келтірді. Бейнеэкран арқылы жолданған деректі фильмдерінде Көкшетаудың көрікті жерлері, Оқжетпес пен Жұмбақтастың әсем келбеті ерекше көрініс тапты.

   Кезек жамбылдықтарға келгенде төрт көзі түгел отырған жергілікті ақын-жазушы, ғалымдар кезек-кезек сөз алып, кеңінен көсілді. Ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов 1986 жылы 5 желтоқсанда Испанияға жолы түсіп, Қазақстанды ешкім танымағанына қорланып қайтқанынан сөз сабақтап, бүгінгі барша әлемге мойындалған еліміздің жетістіктеріне, Елбасының ерен еңбегіне тоқталды. Жуалы ауданының Құрметті азаматы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова шырайлы Шу бойынан еленбей, шаңға көміліп жатқан ертеректе ғұмыр кешкен ақындарды зерттегенін айтса, ақын, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Ғайни Әлімбекқызы Таразға арнаған өлеңін тебірене оқыды. Филология ғылымдарының докторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақ облыстың 80 жылдығы қарсаңында әзірленген 80 томдық жөнінде сөз қозғаса, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Темірбай Мұқашев та Тараздан шыққан 300 таразилер төңірегіндегі кесек-кесек ойларымен ерекшеленді. Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев тарихтан сыр шертсе, ақын Нұржан Қадірәлі отаншылдық лебі ескен өлеңдерін тарту етті. Мәдениет саласының үздіктері Айгүл Мақашева мен Жандос Омаров әсем әндерімен жиналғандардың құрметіне бөленді. Екі облыстың бас кітапханалары арасындағы онлайн байланыстың сәтті өтуіне Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинованың қосқан үлесі ерекше.

   Одан әрі қатысушылар Тараз мұралары көптомдықтың бүгінгі күнге дейін жарыққа шыққан 110 томының кітап көрмесі мен жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарынан құрылған «Өткені – өнеге, бүгіні – бекем, болашағы жарқын Жамбыл облысы» кітап инсталляциясымен танысты.

 

Қарлығаш ӘБЕНОВА,

М.Әуезов атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі.

Сарысу ауданы.

«Aq jol». - 2021. - 7 қараша (№146). - 8 б.

Яндекс.Метрика