Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Рухани жаңару және кітапхана қызметі

    Жақында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Оқырмандармен жұмыс барысында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттарын түсіндірудің жаңа әдістері мен белсенді қағидалары» тақырыбында екі күндік аймақтық семинар-тренинг ұйымдастырды.

   Жақында ғана біздің облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен болған «Рухани жаңғыру аясындағы облыс кітапханаларының алдында тұрған міндеттер» тақырыбындағы облыстық онлайн-семинардың жалғасы ретінде бұл аймақтық басқосу Меркі және Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің базаларында өтті.

    Семинар-тренингтің мақсаты – Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттары аясында облыстық мемлекеттік кітапханалар жүйесі мамандарының міндеттерін айқындау, кәсіби дағдылары туралы өзара пікір алмасу, біліктілікті арттыру, кітапханалар қызметінің жаңа технологиялары, формалары мен әдістерін меңгеру, ауыл кітапханашыларын жаңа ізденістерге, қайраттылық пен жігерлілікке бағыттап, машықтау арқылы өңірдегі кітапхана саласының кадрлық әлеуетін қалыптастырып, дамыту болды.

    Бағдарламаға сәйкес Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Талас, Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің қызметкерлері Жамбыл ауданында өткен семинарда «Рухани жаңғыру: қоғамның мәдени дамуының формацияларына негізделген кітапхана» тақырыбында осындағы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жұмысымен танысты және жақында ғана ашылған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі web-сайтының тұсаукесеріне қатысты.

   Әрі қарай аудандық мәдениет үйінің мәжіліс залында әр ауданнан жиналған кітапхана саласының мамандары өздерінің Елбасы ұсынған рухани жаңғыру идеясын жүзеге асырудағы тәжірибелерімен бөлісті. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілікті арттыру институтының «Инновациялық технологиялар және ғылыми-жаратылыстану (гуманитарлық) пәндерін оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Шынар Тойганбекова, осы кафедраның аға оқытушысы Үміт Жақсылықова «Корпоративтік мәдениеттің элементтері мен нышандары» тақырыбында кітапхана қызметкерлері алдында дәріс оқыды.

    Аймақтық семинар Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай және Мойынқұм аудандары кітапханалар қызметкерлерінің қатысуымен Меркі ауданының Ақарал ауылдық мәдениет үйінде одан әрі жалғасын тапты.

   Қызу әрі қатысушылардың белсенділігі жағдайында өткен семинарда кітапханашылар өздерінің шығармашылық өнерлерін кеңінен ортаға салып, интеллектуалды ой-өрістерін кеңейту мүмкіндігіне ие болды.

   Аймақтық семинар-тренингтің қорытындысында өңір кітапханашылары өз мамандықтарына деген көзқарастарын жетілдіріп, жұмысты жаңаша түрде үйлестіруге, оқырмандарына қызмет көрсету аясын кеңейтуге, жаңа технологияларды белсене игеру арқылы кітапхананы толыққанды заманауи ағарту және мәдени демалыс орталығына айналдыруға толыққанды бағыт-бағдар алды.

Эльмира Абдинова,

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық

әмбебап ғылыми кітапханасының директоры

Ғұмыр дария.-2017.-23 қараша (№22).-4 б.

Яндекс.Метрика