Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

«Мекемтас Мырзахметұлы туралы роман жазып жатырмын»

   Жергілікті жерде жүріп те сүбелі шығармалар жазып, қазақ әдебиетіне олжа салып жүрген қаламгерлер аз емес. Олар әдебиет әлеміне кеңінен танылу үшін Астана немесе Алматыда тұру маңызды емес екенін дәлелдеп келеді. Біздің өңіріміз де сондай таланттардан кенде емес. Солардың көш басында жазушы-драматург, «Құрмет» орденінің иегері, облыстың Құрметті азаматы Елен Әлімжан тұр. Елен Әбдуатұлы нағыз еңбектің адамы. Сонша құнды дүниелер тудырсада қарапайым мінезі, адамдық бейнесі еш өзгермейді. Мұны Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Жазушымен бір күн» желілік акциясы аясында ұйымдастырған «Даңғыл жол, Дара мінез. Хас шеберлік» тақырыбымен өткен кездесу барысында да (сайгез сұхбат) байқадық.

   Кездесу кешінің алғашқы сөзі белгілі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлына берілді. «Елен – жазушылардың ішінде ерекшелігі бар адам. Қазіргі кезеңде ақша табу, табысты болу алғашқы орынға шықты. Қоғам кітап оқымайтын жағдайға жетті. Бұрын жас кезімізде екі күнде бір роман оқитынбыз. Көркем әдебиеттің жөні бір басқа. Адамдардың көзқарасы, қоғамның дамуы алай-дүлей. Елен – кішіпейіл, жарнаманы жақтырмайды. Жазғанын жылтылдап ұсына бермейді. Жақсы шығарма оқылады деген пікірде. Өңірде тұрып жатса да, оның қаламынан туған әдеби шығармаларының ауқымы үлкен қалалардағы бірқатар жазушылардан жоғары. Елде жүргендіктен, құрметтей бермейміз. Елен өмір қозғалыстарын бойына сіңіріп алған, көп ізденеді, жаңа дүниелер жазады. Тарихқа көп барады. Мәселен, «Анажар» романында қиын тағдырлар айтылады. Өмірде болған нәрсені көркемдік шындыққа айналдырады. Елен жайлы айтылар сөз көп, еңбегі алдағы уақытта да айтыла беретіні анық»,-деді ғалым. Келесі кезекте сөз алған филология ғылымдарының докторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақ жазушы Елен Әбдуатұлының шығармашылығын үш салаға бөле отырып, ой қозғады. Жазушының публицистика, проза, драматургия жанрларында аянбай еңбек етіп келе жатқанын, үш саланың да биігіне жеткенін сөз етті. Ғалым өз сөзінде кеш иесінің «Әкімнің добы», «Баймырза» атты әңгімелерін талдап, уақыт тынысын дөп басқан жазушы шеберлігіне тәнті болғанын баяндады. Ал «Анажар» романын тәуелсіз қазақ әдебиетінде орны бар, үздік шығарма деп бағалады.

   Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Темірбай Мұқашев пен А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Мәлік Ақүрпеков кеш иесінің драматургиясына, облыстық театрдың репертуарынан ұзақ жылдар түспеген «Екі дүние айрығы», «Жанталас», «Бір қазаққа бір қатын», «Жанұран» шығармаларына кеңінен тоқталды. Ақын Шырын Мамасерікова да жазушының шығармалары жайлы толғанып, ерекше теңеулеріне назар аудара сөйлеп, Мэлс Өзбековтің өмірінен жазылған драмасын жоғары бағалады. Ал облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт қаламгердің журналистік саладағы еңбегіне терең тоқталды. Елен Әбдуатұлының телеарна, газет саласында да белсенді еңбек еткеніне, оның ішінде биыл ғасыр жасқа толып отырған облыстық «Аq jol» газетінде де жемісті еңбек еткенін айтты. Бұл кеште көпшілік Елен Әбдуатұлын тағы бір жаңа қырынан таныды. Жазушының ән жазатын, оған сөзді де өзі дайындайтын қабілеті де бар екен. Кеш иесінің сөзі мен әніне жазылған «Жарыма» атты әнді Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Гүлшат Тінәсілова тамаша орындады. Мұнан соң сазгер Ғалия Сейітқалиқызы қысқаша сөйлеп, жазушының толғанысынан өмірге келген әндер жайлы баяндап берді. Сүбелі ойлар ортаға салынған рухани кешті жазушы Елен Әлімжан қорытындылап, өзін құрметтеп келген барша қонақтарға алғысын білдірді.

   - Қай салада да қолға қалам алу қиын. Публицистика жанры да жеңіл емес. Күнделікті газеттің мақаласы емес, көркем публицистикаға қалам тербеу – жауапкершілік. Мәселен, мен Шерхан Мұртаза жайлы зерттеу мақалама бір ай бойғы еңбек демалысымды арнаған болатынмын. Сол уақыт ішінде Шерханның шығармаларын тегіс оқып, содан кейін барып жаздым. Бауыржан Момышұлы, Мекемтас Мырзахметұлы жайлы зерттеу мақалаларыма да сондай жауапкершілікпен бардым. Сондықтан олар еліміздің негізгі басылымдарына көп жарияланды. Ал «Жарыма» атты әнім өмірлік серігіме арналған. Жұбайым, марқұм Зейнегүл Ғалымқызы осы кеш өтіп жатқан кітапханада ұзақ жыл кітапханашы болып еңбек етті. Екеуміз алғаш Алматыдағы Ұлттық кітапханада танысқан едік. Ал «Абайға», «Жидебайда» деген әндерім Абайдың топырағына, Абай Құнанбайұлының басына зиярат еткендегі толғаныстан туды. Мен сазгер емеспін. Қазіргі таңда ғалым Мекемтас Мырзахметұлы жайында деректі роман жазып жатырмын. Онан соң Ақан серінің «Балхадиша» әні бойынша жазылған драмамды аяқтап шықтым, - деп ағынан жарылды Елен Әбдуатұлы. Кештің жоғары деңгейде өтуіне сеп болған Эльмира Абдинова басқаратын облыстық кітапхана қызметкерлерінің дайындығын, кітапханашы Алтынай Әбдірайымованың тамаша ән шырқағанын, рухани кешті әдіскер Ақнұр Сұлтанбекованың әсерлі жүргізгенін айта кеткеніміз жөн болар.

 

Есет ДОСАЛЫ,

«Aq jol». - 2022. - 2 наурыз (№25). - 8 б.

Яндекс.Метрика