Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп белгілегені бәрімізге аян. Бүгін осы жылдың аясында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында «OrdaGen» балаларға арналған ертегілер жобасы бойынша жарық көрген танымдық оқу құралдарының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға облыстағы зиялы қауым өкілдерімен қатар облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек пен облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай қатысты. Сонымен қатар облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов, «OrdaGen» жобасының авторы Айбек Қуатбай, «OrdaGen» жобасының жетекшісі Тәнен Парасат, «Bugin Holding» компаниясының GR бөлім басшысы Бәйдібек Қуатбаймен қатар облыстағы бірқатар ақын, журналистер де шақырылды.
– Сіздермен бүгін бірінші рет кездесіп тұрмыз. «Дарын онлайн» компаниясының басты мақсаты – білім және тәрбие саласында платформа жасап шығу. «OrdaGen» – балалар үшін кешенді контент өндіру жобасы. Жобаның мақсаты – ұлттық және адамзатқа ортақ биік құндылықтарды жаңа технологиялар форматына икемдеп, аңыздар мен ертегілер арқылы болашақ ұрпақтың санасына сіңіру. Бүгінге дейін аталмыш жоба аясында 1000-ға жуық заманауи ертегі жазылып, әр ертегінің аудионұсқасы дайындалды. Үш түрлі тақырыпта қысқаметражды мультфильм түсіріліп, «OrdaGen» мобильді қосымшасы бүлдіршіндерге тегін пайдалануға берілді. Бұл жоба заманауи ертегілер арқылы балалардың қиялын дамытып, туындаған сұрағына жауап беріп, олардың көкжиегін кеңейте отырып, балаларға арналған қазақтілді контенттің дамуына үлес қосуда.
Бұл бір адамға екі-үш мамандықты меңгеріп шығатындай мүмкіндік сыйлайды. Әлем еліне қарап тұрсақ, атақты Илон Маск өзінің оңтүстік Африкада дүниеге келгенін, өзінің есейгенше ертегі оқумен қатты әуестенгенін айтады. Сол Илон Маск қазір қайда? біздің де балаларымыз сондай болуға мүмкіндік ашып беру үшін олардың қиял әлемін дамыту мақсатында осындай тамаша бір идеяны қолға алып отырмыз. Қазіргі таңға дейін біз 20-дан аса кітап, 5-тен аса мультфильм шығарып отырмыз. Енді «Ваlараn» телеарнасымен серіктестік орнатып жатырмыз. Бұйыртса алда біздің материалдарымыз осы арнадан жарық көретін болады, - деді «OrdaGen» жобасының авторы Айбек Қуатбай. Іс -шараның тізгінін Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл телерадиосының редактор-жүргізушісі, балалар бағдарламасының жетекшісі Лаура Бораштегі ұстады. Бұл заманауи кітаптың тұсаукесеріне облыс әкімдігінің білім басқармасының «Соқыр және нашар көретін балаларға арналған облыстық «Болашақ» арнайы мектеп-интернатының» білім алушысы Алмат Жұматаев та шақырылып, «Туған жер» әнімен кешті бастап берді.
Кітаптың тұсауын облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек пен ақын Данияр Әлімқұл, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айша Көпжасарова, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Әлімқұлов кесті.
Айта кету керек, кітап «OrdaGen» баспасынан шыққан «Мың бояулы ORDA», «ОRDA ертегілері.Толық жинақ», «Берке Аю және ксіп» атты үш түрден тұрады. Қысқаша мазмұндарына тоқтала кетсек, «Берке Аю және кәсіп» кітабынан «Кәсіп деген не? Ақшаны қайдан алады? Оны қалай жұмсаған дұрыс? Бағалар неге өзгеріп тұрады?» және осы сияқты тағы да басқа көптеген сұрақтарға жауап таба алады. Кітаптың бас кейіпкері Орманды қаласының тұрғыны, кәсіпкер – Аю. Оның есімі – Берке.
Ал «Мың бояулы ORDA» кітабы – қазақ тіліндегі жаңа заманғы ондаған автордың адамдық, ұлттық және таным құндылықтары негізінде жазған ертегілер жинағы. Бұл жинақтың ішінде аудио сілтеме берілген. «ORDA ертегілері. Толық жинағына» қазақ тіліндегі заманауи 33 ертегі топтастарылған. Әр ертегінің соңында ОR-код берілген, сол арқылы ертегінің аудио нұсқасын тыңдауға және мазмұнын ашатын арнайы суреттерді көруге болады.
Шапағат ӘБДІР,
«Ar-Ai». - 2022. - 5 наурыз (№9). - 9 б.