Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Бүлдіршіндерді жалықтырған ертегілер жобаға енбеді

   Бүгінгі таңда 3-4 жасар бүлдіршіндеріміз ұялы телефонға үңіліп, өзге тілдегі қызықты бағдарламаларды көретіні жасырын емес. Бұл көрініске бейжай қарап жүре беру жақсылыққа апармайды. Қазақтың ұрпағы ұлттық мінезбен тәрбиеленуі тиіс. Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы мен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы бірлесіп өткізген елімізге танымал «ORDAGEN» жобасы әзірлеген «ORDA ертегілері» кітабының тұсаукесерінен жоғарыдағыдай ізгі ұмтылысты байқадық.

   Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек ашып, кез келген дамыған мемлекет өз ұрпағының кітап оқуына, оның ішінде көркем шығармаларды көбірек оқуына көңіл бөлетінін айтты.

   Тараз қаласы мен Шу ауданында сәні мен салтанаты келіскен оқушылар сарайы, «Асыл мирас» балаларды сауықтыру орталығы ашылды. Облыс әкімінің қолдауымен қазынадан 400 миллион теңге қаржы бөлініп, балаларға қажетті әдеби кітаптарды сатып алуға жұмсалып отыр. Бұл қамқорлықтың бәрі балалардың рухани дамуына, қазақы мінезбен қалыптасуына ықпал етеді деп ойлаймын», - деді Дәулет Жамаубайұлы.

   «ORDAGEN» жобасының идея авторы Айбек Қуатбай сөз алып, ел болашағы жас ұрпақ үшін жасап жатқан жұмыстарына, «ORDA ертегілері» кітабының құрастырылу барысына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде бұл күнде үлкен жетістікке жеткен Илон Масктың бүлдіршін кезінен ертегі тыңдап өскенін, біздің балаларымыздың да ананың әлдиі, атаның ертегісімен тәбиеленуі керектігіне тоқталды. Сонымен қатар осы аталған ұйым күні бүгінге дейін 20 ертегі кітап және мыңдаған мультфильмдер шығарса, оның көпшілігі періште көңіл балалар әлемінен қолдау тауып отыр. Яғни, бұл кітаптарға балалардың қызығушылығы бар екен. Ол іс-шараға жиналған қаламгерлерді автор болуға шақырды.

   Келесі сәтте сөз алған «ORDAGEN» жобасының жетекшісі Парасат Танен: «Біз бұл ертегілерді ұялы телефондарға да қосымша жүктедік. Ондағы мақсат ұрпағымыз қазақы мінезді, ертегіні бойына сіңіріп өссе дейміз. Осы кезге дейін дайындаған кітаптарымызды балабақшаларға ұсынып, әр топтың баласына тыңдатып көрдік. Бір минуттан соң ертегіні тоқтатып, топтағы 25 баладан «Жалғайық па? Ұнады ма? Қызық па?» деп сұрадық. Сонда топтағы баланың кемі 18-і «Қызық. Жалғаңыз» деген ертегілерді ғана дамытып шығардық. Ал балаларды жалықтырып жіберген ертегілер жобадан шығып қалды. Әр ертегінің кітаптағы көлемі үлкен әріптермен жазылғанда екі беттен аспауын, 5 минуттық аудиоға сыйып кетуіне ерекше мән бердік. Себебі тыңдаушы балаларды жалықтырып алуға болмайды. Ал қазір «Елтану» жобасы бойынша бүкіл өңірлерді, облыстарды аралап жүрміз»-деді.

   Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов, ақындар Айша Көпжасарова мен Бақытжан Советұлы ертегі кітаптардың тұсауын кесті.

   Келесі сәтте ақындар Айша Көпжасарова мен Бақытжан Советұлы сөз алып, ««ORDAGEN»» жобасының бастамаларын толық қолдайтынын, мұндай ертегі кітаптар балаларға ауадай қажет екеніне тоқталды. «Әдемі, сұлу, сан түрлі безендірілген кітап екен. Бұл кітаптарды ата-аналар көбірек сатып алып, балаларына оқытқандары жөн», -деді ақын Айша Көпжасарова.

 

Есет Досалы,

«Aq jol». - 2022. - 4 наурыз (№26). - 8 б.

Яндекс.Метрика