Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Әдебиетке адал қызмет етіп келемін

   Жазушы Көсемәлі Сәттібайұлын көпшілікке таныстырып жатудың өзі артық шығар. Ол кісінің әсерлі әңгімелері қай кезде де оқырман жүрегіне жетіп жатады. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы үздік қазақстандық және өлкелік шығармаларды өңір тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, кітап оқуды ілгерілету ниетімен жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Тараз қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының, мәдениет қайраткері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлының қатысуымен «Жазушымен бір күн» облыстық акциясы аясында «Бейнелі сөз, бедерлі ой» тақырыбында әдеби жүздесу ұйымдастырды.

   Келелі кездесуде шығармашылық пен журналистика саласының тізгінін  қатар ұстап, әдебиет айдынында еркін құлаш сермеп келе жатқан қаламгердің қазақ әдебиеті мен журналистикасына сіңірген еңбегі, ұстаздары мен шәкірттері, балалар прозасының миссиясы, шығармашылық ізденістері мен шынайы кейіпкерлері жайында ой қозғалды.

   Филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы, М.Х.Дулати атындғы Тараз өңірлік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Оразғалиұлы жазушының әңгімелерінің құрылымын талдаса, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, журналистика мен ақындықты қатар алып жүрген қаламгер, сатира саңлағы Бақытжан Советұлы қаламгер шығармаларының өзектілігіне тоқталып, «Бүгінгі күннің Бейімбет Майлині» деген баға берді.

   Ал ғасырлық ғұмыры бар «Aq jol» газетінің шолушысы Ақылжан Мамыт, осы газеттің аға тілшісі Марат Құлибайұлы кеш иесімен бірге қызмет атқарған жылдарының қызықты естеліктерімен бөлісті. Ақылжан Қорғанбайұлы «Қара шаңыраққа айналған басылымды басқарған жылдарынан тағылымға толы естеліктер айтса, М.Құлибайұлы өзінің қаламынан туған «Апамның аялы алақаны» кітабын тарту етті. Одан әрі Тараз қаласындағы №125 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерлан Керімжанұлы жазушы шығармасынан көркемсөз оқып, жиналған қауымды ойға қалдырды. Жамбыл облыстық «АR-АI» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай Көсемәлі Сәттібайұлының қырағылығы мен алғырлығын айтып, бірге қызмет атқарғаны үшін алғыс білдірді. Кеш соңында кітапхана қызметкері Алтынай Абдраимова «Желдірме» әнін шырқап, көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады.

   Кеш соңында жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз алып, кездесуді ұйымдастырып отырған шаңыраққа алғысын білдірді. «Мен туған ауыл – алақандай ғана елді мекен. Бірақ ол ауылдан мүйізі қарағайдай жазушы-ақындар шыққан. Атап айтқанда, Рафаэль Ниязбеков, Есалы Қырықбаев, Нарша Қашағанұлы. Ал Шорабек Айдаров пен Серік Томанов біздерден екі-үш сынып ғана жоғары оқыды. Бірақ екеуі кез келген жаңа әдеби кітапты жұрттан бұрын оқып қоятын. Таңғаламын. Осындай кітап оқуға деген бәсекелестік мені шығарманы сүйіп оқуға жетеледі, одан әрі жазуыма ықпал етті. Осында құрметтеп келген баршаңызға рақмет. Балаларға арналған жақсы шығармалар жазылып та жатыр, ойымда да жүр. Қашанда әдебиетке адал қызмет етіп келемін», - деп жазушы ағынан жарылды.

 

 

Ш.Уәлиханов атындағы

облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы.

«Aq jol». - 2022 жыл. - 14 наурыз (№30). - 8 б.

Яндекс.Метрика