Уақыт - зымыран. Бір сәтке де аялдамайды, артына кері бұрылып та қарамайды. Сөйтеді де сені ағалық, даналық жасқа жеткізеді. Құдай ғұмыр берсе ондай жасқа әркім де жетеді. Мәселе нені тындырып, қалай жетуіңде болса керек.
Қазақстан Республикасы журналистикасының қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, облыс ардагерлеріне арналған «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы, Жаңабай Миллионов мерейлі 70 жасқа толды. Ол кісі бір ғасыр жасқа толған, облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Ақ жол» газетінің сыйлы ардагерлерінің бірі. Редакцияда табаны күректей 17 жыл тер төккені үлкен еңбек.
Қаламгерге деген кұрмет әуелі облыстық ардагерлер кеңесінен басталып, туып-өскен жері Сарысу ауданында жалғасты. Сарысу аудандық мәдениет үйінде Жаңабай Миллионұлымен кездесу форум өтті. Сондай-ақ бұл іс-шара биыл ардагер журналистің еңбек жолының бір белесі мен тарихи қолтаңбасы қалған қос газет - облыстық «Аq jоl»-дың 100 жылдығы мен аудандық «Sarysu»-газетінің 85 жылдық мерейтойларына да арналды.
Жиынды аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев ашып, мерзімді баспасөздің қоғамдағы алар айшықты орнын, сондай-ақ, мерейтой иесінің ауданға сіңірген елеулі еңбегін атап өтіп, иығына зерделі шапан жауып, арнайы сый-сияпатын табыс етті. Сонымен қатар аудан басшысы форумның құрметті қонағы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевқа да қазақы салт-дәстүрге сай құрмет көрсетті.
Форум барысында өңірдің бас басылымы - «Аq jоl» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт пен аудандық мәслихат хатшысы Асанбай Сейналиев және аудандық алқа билер кеңесінің мүшелері де рет-ретімен сахна төріне көтеріліп, қарымды қаламгерді мерейлі жасымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Келелі кездеудің мән-маңызын аша түскен тағы бір сәт – ардагер журналистің жуырда жарық көрген «Даналық мектебі» атты кезекті кітабының тұсаукесер рәсімі болды.
Қаламгердің эсселер мен естеліктерден, сұхбаттар мен түрлі журналистік жазбалардан тұратын жинағының лентасын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов қиып, кітаптың бір-бір данасын форумның құрметті қонақтарына ұсынды.
Кездесу форумның соңы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен әуезді ән мен мың бұралған биге толы концерттік бағдарламаға ұласты. Сондай-ақ Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап
ғылыми кітапханасы да Жаңабай Миллионовтың 70 жас мерейтойына орай «Парасат пен пайым» атты кездесу кешін ұйымдастырды.
Кездесу барысында жазушы, публицист, драматург Елен Әлімжан, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова мерейтой иесінің шығармашылығы жайында әңгіме өрбітсе, шәкірті – облыстық «Аq jоl» газетінің жауапты хатшысы Тұрсынбек Сұлтанбек жолын ашқан, тәлім берген ұстазының өнегелі өмірі жайында сыр шертті. Бірқатар ізбасар інілері арнау өлеңімен ерекшеленді.
Әрі қарай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрлерді үкілеп келе жатқан Жаңабай аға жайындағы жылы лебіздерін білдірді. «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев журналистке арнайы құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.
Ардагер журналист, «Ғұмыр-Дария» газеті бас редакторының орынбасары Болат Жаппарұлы газеттің тыныс-тіршілігін тілге тиек ете отырып редактордың еңбегін ерекше атап өтсе, халықаралық Д.Қонаев қоры облыстық бөлімшесінің атқарушы директоры Қибат Асқарбеков қорға сіңірген өлшеусіз қызметімен бөлісті. Сарысу ауданының Құрметті азаматы Бөлтірік Ілиясов кісілік келбет, азаматтық тұлға жайында әсерлі әңгіме өрбітті.
Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институтында Жаңабай Миллионов оқытушылармен және студенттермен кездесті. Бұл жиынды ҚР Журналистер одағының облыстық филиалы мен «Ұстаз» институты бірлесіп ұйымдастырды. Атап айтқанда, студенттер - Мөлдір Төлен, Нұрайым Ақмолда, Маржан Төлеген, Саламат Осалы, Іңкәр Тұрдалыны кешегі және бүгінгі журналистика байланысы, тақырыптың қалай қойылатыны, ардагер аталарының жекеменшік газетті ашудағы қиындықтары мен табандылығы қызықтырды. Іс-шара барысында белгілі құсбегі Жапар Сатылғанов, ардагер журналист Болат Жаппаров, ақын Үміт Битенова, өңірлік университеттің ұстаздары Темірбай Мұқашев, Бақытжан Мақашев және халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті Меңдібай Әбілов сөйлеп, қаламгердің ізденісі, табандылығы, «Даналық мектебі» кітабы жайлы толғана сыр шертті.
Есет ДОСАЛЫ,
«Aq jol». - 2022. - 28 наурыз (№36). - 8 б.