Қазіргі қазақ әдебиетіне өзіндік соқпағымен, ерекше жазу стилімен олжа салған бірегей тұлға - жазушы Несіпбек Дәутайұлы. Оның қаламгерге тән ерекше болмысы, ешкімге ұқсамайтын тереңдігі қазақтағы маңдайалды ақын-жазушыларды тегіс мойындатып тастағалы қашан. Әттең, өткен жылдың тамызында мәңгілік сапарға аттанып кете барган жазушының кейінгі толқын қаламгерлерге үйретері, әдебиетке әлі де берері көп еді. Көзі тірі болғанда жазушы биыл 75 жасқа толатын...
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жазушымен бір күн» желілік акциясы аясында «Қазақ әдебиетінің арқары» тақырыбында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлын еске алу кеші өтті. Бұл Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалымен бірлескен жоба екенін де айта кеткеніміз жөн.
Еске алу кешін облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай ашып, дара тұлғаға қандай құрмет жасалса да артық емесін айтып, келген қонақтарға алғысын білдірді. Ал облыстың Құрметті азаматы Асаубай Майлыбаев жазушының кісілік келбетіне тоқталса, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков айтулы қаламгердің ініге, кейінгі толқынға деген ізетін толғана әңгімеледі. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұл сағынышты естеліктер айтып, Дәутаев шығармашылығын Шерхан Мұртаза, Рахымжан Отарбаевтың шығармаларымен қатарластыра бағалап, «Осы үш жазушының жазғандары сияқты айтқан әңгімелері де керемет әсерлі еді» деді. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Хамит Есаман Несіпбек Дәутайұлының батыс пен шығыс әдебиетінің арасынан дара жол тапқан үздік қалам иесі екенін айтып, проза жанры бойынша Н.Дәутайұлы атындағы шәкіртақылар тағайындалса, байқаулар ұйымдастырылса, жазушыға деген құрмет үздіксіз жалғасса, 75 жылдығы жоғары деңгейде өткізілсе деген тілегін білдірді. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Асқарбек Сейілхан тарих саласы бойынша да Несіпбек Дәутайұлының терең білімі болғанын, Аңырақай шайқасы туралы зерттеулердің сапалы жүргізілуіне үлес қосқанын толғана әңгімеледі.
Облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, әдебиеттанушы Бақытжан Махашев та осындай биік тұлғаның лайықты бағаланып, есімін есте қалдыру жұмыстары жоғары деңгейде жүзеге асуы керектігіне тоқталды. Несіпбек ағаның танымал шәкірттері, Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы директорының орынбасары Ахметжан Өзбеков, М.Х.Дулати Тараз өңірлік университетінің «Университет тынысы» газетінің бас редакторы Ардақ Үсейінова, ақын Нұржан Қадірәлі толғана естеліктер айтты. Олар жазушының кісілік келбеті мен шығармаларына тоқталып, мұндай деңгейдегі жазушыға жасалар құрметтің де жоғары болуы керектігін тағы да еске салды.
Жас ақын Нұржан Қадірәлі ұстазы Н.Дәутайұлы өмірден озғанда жазылған өлеңін оқып, кеш қонақтарының көзіне еріксіз жас үйірді.
Несіпбек Дәутайұлы секілді әдебиетке ерен еңбегі сіңген қайраткер жазушыны осындай кештерде ғана емес, үнемі бағалау, шығармаларын өскелең ұрпақтарға насихатгау, есімін ардақтау - кезек күттірмейтін аса маңызды іс.
Есет Досалы,
«Аq jol». - 2022. - 15 сәуір (№44). - 8 б.