Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жазушы Несіпбек Дәутайұлының 70 жылдық мерейтойына орай «Қазақ әдебиетінің арқары» атты бренд автор шоу өтті.
Кеш барысында жазушы өз шағармашылығы жайлы кеңінен әңгімелеп, әрбір әңгімесінің мән-маңызына тереңінен тоқталды.
– Қолына қалам ұстағанның бәрі ақын, жазушы емес. Сүйдім, күйдім деп сұлу сөзді тізбектеп жазудың да қажеті жоқ. Не жазсаң да, не ойласаң да шындықты ғана айтып, жазу керек. Жазушыға шынайылық керек қасиет. Облысымызда қолына қалам ұстап жүрген жастар көп. Олардың арасында әсіресе Хамит Есаман, Нұржан Қадірәлі, Табиғат Абаилдаев, Арайлы Жақсылықты ақын деп атап көрсетуге тұрарлық. Міне, нағыз жас ақындар, - деді Несіпбек Дәутайұлы.
Сондай-ақ кеш барысында «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, ақын Хамит Есаман, «Ақ жол» газетінің бөлім басшысы Табиғат Абаилдаев, «Арай» газетінің бөлім басшысы Нұржан Қадірәлі сөз алып, өз туындыларынан өлең оқып, авторға деген ыстық ықыластарын білдірді.
Жазушының өмірінен алынған фотошежірелер сыр шертті. Сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері мен жазушылардың пікірлерінен слайд көрсетілді. Автордың «Аты жоқ әңгіме», «Айғыркісі», «Көгілдір көйлекті келіншек», «Ойынды еті он бөлек» атты кітаптары мен мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалаларынан «Жүректің жазушысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
– Жазушы – адам жанын түсініп, терең үңілетін ең ғажап суреткер. Несіпбек Дәутайұлының шығармалары жүрек төрінен орын алады. Өзіндік айтары бар, таным-түсінігі де терең жазушының туындылары оқырманын баурап алады. Өмір өрнегін қаламымен салған жазушының оқырмандарына әлі де берері мол,- деді өз сөзінде кітапханашы Гүлнұр Алтынбекова.
Құралай Сейсенбекқызы
Жамбыл Тараз.-2017.-29 қараша (№48).-10 б.