«Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Aq jol» газетінің алғашқы нөмірінң жарық көргеніне биыл 100 жыл толды. Ата басылымның вйтулы мерейтойына орай аймақта тарихи-танымдық тұрғыдағы шаралар өткізілуде. Бейсенбі күні сондай маңызды жиынның бірін Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ұйымдастырды.
«Аq jol»: кеше, бүгін, ертең» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысына басылым ардагерлері, шығармашылық ұжым мүшелері, сонымен қатар газет оқырмандары қатысты.
Байыпты басқосуда ардагер жазушы-журналист Елен Әлімжан басылымның әр жылдардағы редакторларын, сондай-ақ алдыңғы толқын әріптестердің жанкешті еңбегін айтып, тебірене еске алды. Сондай-ақ басылым ардагерлері Тұрсынхан Толқынбайұлы, Көсемәлі Сәттібайұлы және Баймаханбет Ахмет газетте еңбек еткен жылдардағы әсерлерімен бөлісті. Жас оқырмандарға қоғамда баспасөздің алатын орны туралы әңгімеледі.
«Аq jol » газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт ғасыр тарихынан сыр шертіп, жүз жылдық аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы хабардар етіп, газеттің ғасыр тойы жыл бойы жалғасатынын жеткізді.
Бас редактордың орынбасары Фариза Әбдікерімова, жауапты хатшы Тұрсынбек Сұлтанбеков және осы жолдардың авторы ата басылымға қалай келіп, шыңдалу мектебінен қалай өткендерін айтып, дүниеден өтіп кеткен әріптес ағаларын, замандастарын еске алды.
«Аq jol» газетінде еңбек жолын тілшіден бастап, бас редактордың бірінші орынбасарына дейін көтеріліп, 27 жылдан үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Ақылжан Мамыт ұлының атын азан шақырып, Ақжол деп қойған. Өзі еңбек етіп жүрген басылымға деген құрметтің үлкені осы шығар. Осы жұғысты болды ма газеттің Сарысу және Талас аудандары бойынша меншікті тілшісі болып орналасып жатқанда Тұрсынбектің отбасында дүниеге ұл келіп, шақалақтың есімін ол да Ақжол қояды. Кездесу қонақтарының арасында Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының 5-сынып оқушысы Ақжол Темірлан да болды. Үздік оқушыға кітапхана директоры Эльмира Абдинова кітап сыйласа, әріп тесіміз Фаризаға гүл шоқтарын ұсынды.
Газеттің ұзақ жылдан бергі тұрақты оқырманы Майдан Орынбаевтың жүз жасаған «Аq jol» туралы айтқан жылы лебізі көңілімізді тіпті көтеріп тастады. Бас редактор оқырманымызға арнайы Алғыс хат тапсырды. Әсем әнмен де көтеріңкі көңіл сыйлаған руханият орталығының қызметкерлеріне бас редактордан бастап, бәріміз де ризашылығымызды білдіріп, естелік суретке түстік.
Амангелді Әбіл,
«Аq jol».-2022 жыл.-14 мамыр (№60-61).-7б.