Өткен жұма күні «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының мобильді тобының мүшелері ауданымызда болып, қоғамдық қабылдауларын өткізді.
Құрамында партия облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Ермұхан Жұмабек, партия облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраимова, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілі Назерке Әжіхан, облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Динара Жаңабаева, партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Эльмира Әбдінова, ал, өзіміздің тарапымыздан аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров, аудандық мәслихаттың хатшысы Мұратбек Көкірекбаев, партия аудандық филиалының атқарушы хатшысы Күлайым Шағатаева, заңгер Шынар Хамирова, ауданымыздың түрлі мекеме-ұжымдарының өкілдері және т.б. бар топ, алдымен, Кеңес ауылының Мәдениет үйінде қоғамдық қабылдаулар өткізді. Бірден айта кететін жайт, округ әкімі Есберген Жапарқұлов пен партия аудандық филиалы жанындағы «Кеңес» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бахтияр Меңілбековтың халықты алдын ала құлақтандырғанының нәтижесінде болар, түрлі базыналарын айтып, сұрақ-сауалдарымен қайырылған азаматтардың қарасы да өте көп болды. 3 сағатқа жалғасқан қоғамдық қабылдау кезінде тиісті сала өкілдеріне қайырылған бірқатар ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген мәселелерге де тоқталып өтейік. Мысалы, ауылдағы мектептің кіші қызметкері Жанаргүл Егетаева балалары диплом иегерлері болғанымен, лайықты жұмысқа орналаса алмай жүргенін жеткізіп, тұщымды жауап алып жатты. Ал, енді қабылдау кезінде байқалған жағымды жаңалыққа тоқталсақ – кеңестіктердің «өз көйлегім өзіме жақын» дейтіндей жеке мүдденің жетегінде кете бермей, керісінше, қоғамдағы, оның ішінде, ауыл ішіндегі қордаланған ортақ мәселелердің «меселін» қайтармақ үшін тырысып баққандарын айта кету керек. Осы ретте, қарапайым ғана ауыл тұрғыны, қоғамдық ақылы жұмысшы Салтанат Сәулембаева қазіргі округ әкімі аппараты орналасқан, көзге қораш көрінетін, тозығы жеткен ескі «лашықтың» жергілікті биліктің беделін түсіретіндей халде екенін айтып, замана талабына сай жаңа ғимараттың салынуын ел атынан ортаға салды. Сонымен қатар, Салтанат ханым тек қана Кеңес ауылы үшін ғана емес, жақын ауылдардың спортсүйер қауымы біріге бас қосып жаттығатын спорт мектебі салынса деген де ойын жеткізіп жатты. Иә, шалғай жатқан елді-мекендерге ортақ болатын спорт нысандарын салу – көкейтесті тақырып. Себебі, алыстағы аудан орталығына ағылу – уақытты «ұрласа», қалтаны да біршама қағатынын ескергеніміз жөн.
Ал, қай кезеңде болмасын, қазақтың атын жаһанға паш еткен мықты спортшылардың бәрі дерлік қарапайым ауылдардан шыққанын бәріміз білеміз. Мектеп жұмысшысы Жолдасбек Оңғарбаевтың өтініші де ескерусіз қалмайды деп ойлаймыз. Бұл азамат та ортақ тірліктің «түзелуін» сұрады. Атап айтсақ, мектеп жанындағы (!) электр бағаны қисайып, апатты жағдайда тұрса, Тайшыманов көшесі бойындағы электр сымдарының барынша салбырауы да қауіп төндіретіні белгілі. Тегінде, Кеңес ауылына электр жүйесі мекемесінің мамандары көптен бері ат ізін салмаған болу керек, сөзіміз айғақты болуы мақсатында айтсақ, ауыл тұрғыны Мейрамкүл Темірбаеваның жан айқайы – Абай көшесі №3 үйдің түбіндегі электр бағаны да өзінің басын жел ұрған жаққа қисайтатынын айтып, қынжылыс білдірді. Осы күні түс ауа жоғарыда аталған қоғамдық қабылдау тобы Сұрат ауылына келіп, осындағы Мәдениет үйіне жиналған тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ асты. Ауыл ақсақалы Ыбырайым Әбдиев жазда тапшы болып қалатын ауыз су мәселесін, асфальт көрмеген 4-5 көшенің жауын-шашын кезіндегі мүшкіл халі мен кейбір электр бағаналарының қисайып тұруын тілге тиек етіп, көмек сұрады. Сұраттық азамат Бекет Алдабергенов партия облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Ермұхан Жұмабекке қайырылып, ауылда салынған кіші футбол алаңының стандартқа толық сай келмей, сапасыз салынғанын, сонымен қатар, күн ыссыда жоғарыда орналасқан көшелер ауыз сусыз қалып, қол арбаның көмегімен су таситындықтарын жеткізді. Облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Дүйсенқұлдың қабылдауына жазылған ауылдағы «Балапан» балабақшасының тәрбиешісі, 6 баланың анасы Тұрсынай Әбдиева атаулы әлеуметтік көмек алу мәселесін қозғаса, 3-топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Меліс Асқаров күндізгі бөлімде ем қабылдау үшін онсыз да аз жәрдемақысын шығындап, сонау Таразға қымбат «таксимен» бармай, өзіміздің аудандағы орталық ауруханаға арзан «арбамен» бара салуына жағдай туғызуды сұрады.
Міне, күн ұзаққа созылған қоғамдық қабылдаулар осылай өтті. Нәтижесінде, ауыл халқы өзінің бары мен жоғын түгендейтін жоғарғы билік пен жалпақ жұрттың жайын ойлайтын «AMANAT» партиясының барына шүкіршілік етіп, тарқасты.
Әлихан НҰРАЛИЕВ,
«Меркі тынысы».-2022 жыл.-1 маусым