Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

ЕЛ МАЙТАЛМАН МАҚҰЛБЕКТІ ЕСКЕ АЛДЫ

   Жақсы адамды сағынбау, оның асыл қасиеттерін аңсамау мүмкін емес. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жазушымен бір күн» акциясы аясында «Бейнесі сөнбес сәулеге айналған тұлға» тақырыбында белгілі қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Талас, Жуалы аудандарының Құрметті азаматы, жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулетті еске алу кеші өтті.

   Мақұлбек Қайыпбекұлы – «Жұлдыздардың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Құс жолы», «Тарих тамырлары», «Көңіл құсы», «Мәңгілік ерлік», «Әбдір Сағынтаев», «Ерлік ұмытылмайды», «Тәуелсіздік – туымыз!», «Ескерткіштер  –  ел тарихы» прозалық және тарихи-танымдық кітаптардың авторы, «Құрмет» ордені мен көптеген медальдарының иегері. Кеш барысында  Мақұлбек  Рысдәулеттің журналистика саласындағы еңбек жолы, Сарыарқа төрінде қаламын ұштап, кәсіби журналист ретінде шыңдалғаны туралы айтылды. «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі болғаннан кейін облыстың бас басылымы «Aq jol» газетін басқарып, редакцияға жалынды жастарды жинап, қамқорлық танытқаны, газеттің кескін-келбетін өзгертіп қана қоймай, мазмұнын байытқаны, оқырманға ой саларлық тарихи-Танымдық дүниелерге, проблемалық мақалаларға басымдық бергені, ал кейінгі уақытта архив саласындағы еңбектері жайлы әңгіме өрбіді.

   Жиында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева сөзалып, жазушының жарқын  бейнесіне  тоқталды. Ал жазушы-драматург Елен Әлімжан толғана сөз алып: «Махаңмен облыстық «Aq jol» газетінде қоян-қолтық араласып еңбек еттік. Жан-жақты ойлайтын, тарихқа терең бойлайтын азамат болды. Сол тарихқа деген ізденісінің жоғарылығы болар, зейнетке шыққан кейін де архивте отырып, тарихқа терең бойлады» – деді.

   Ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының  директоры  Сәмен  Құлбарақ жазушы жайлы кеңінен толғанды. Адамгершілік қасиеттеріне тоқталды. Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты  Көсемәлі Сәттібайұлы, Жуалы ауданы мемлекеттік өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Дәулетжан Байдалиев, архив саласының ардагері Қалдыгүл Башенова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев жазушы туралы айтып өтті. «Aulieata Media» ЖШС-ның бас директоры Оралхан Дәуіт жазушымен арадағы аға-інілік, рухани ізгі қасиет жөнінде естеліктер айтты. Мұнан соң Тараз қалалық мемлекеттік архивінің директоры Нұрхат Серікбаев, Талас ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Бекнұр Сатыбалдиев, аталған университеттің филология және журналистика факультетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, археолог, тарихшы Сауран Қалиев жылы естеліктер айтты. Ал аталған орталықтың «Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі Назым  Қожамарова жазушы Мақұлбек Рысдәулет өмірінің соңғы жылдарында архив деректері бойынша жазуға ден қойғанын жеткізді. Жазушының ұлы Нұрқуат Мақұлбекұлы әкесі жайлы мөлдір естеліктер айтып, жазушыны құрметтеп келген барша қонақтарға алғысын білдірді.

Яндекс.Метрика