Біз осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасынан Гүлсім Тубаеваны көруші едік. Ол кезде қатардағы оқырманбыз. Бұл кісінің жұмысына жауапты, тындырымды кітапханашы екенін сол кезде байқайтынбыз. Ұзақ жылдарын кітапхана жұмысына арнаған маманмен жақында кеңірек әңгімелесудің сәті түсті.
Гүлсім Құрманбекқызы 1962 жылы 25 қаңтарда Жамбыл ауданы, Ащыбұлақ ауылында (бұрынғы «Пионер» ұжымшары) дүниеге келген. Әкесі Құрманбек әуелі қызмет істеп жүріп, басшыларымен сөзге келіп қалып, бір-ақ күнде малға шығып кетіпті. Өзі Ұлы Отан соғысында ел қорғаған кісі. Ұжымшардың озат аға шопаны болып, суреті құрмет тақтасынан түспеген екен. Анасы Күнтай Сейітқызы он ұл-қызды өмірге әкелген ардақты ана, «Алтын алқа» иегері болған. Әкесі – Құрманбек, әпкесі – Ырғал кітап, газет- журналды көп оқыған, көзі ашық кісілер болыпты. Гүлсім де мектепте жақсы оқып, көзге түседі. Мектеп директоры Десе Телеуов, білікті ұстаз Амангелді Қоңырбаевтар көңілінде білімнің шамын жаққан асыл адамдар болып сақталып қалды. Мектеп бітірген соң, бір жыл ауылда еңбекке араласып (ол кезде тәртіп солай), сонан соң Шымкенттегі педагогикалық және мәдениет институтына кітапханашы мамандығына оқуға түсіп, күндізгі бөлімде 5 жыл оқып, бітірді.
Жоғары оқу орнын бітірген соң, 1984 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына кітапханашы болып орналасты. Ол кезде аталған кітапхананың директоры Клара Маусымбаева екен. Жас маманға сенім артып, қызу жұмыс басталып кеткен. Сол кездегі әдіскер Лян Клавдиядан да үйренгені көп. Сол жылдары облыстық мәдениет басқармасының басшысы Алдаберген Сәрсенбаев болды. Содан бергі Ерлан Жүнісбайға дейінгі бірнеше басшының кезінде абыройлы еңбек еткеніне Гүлсім Тубаева шүкіршілік етеді.
Бірақ, өмірде түрлі жағдайлар орын алады емес пе? 2000 жылдардың басында несиеге баспана алып, кітапханадан алып жүрген жалақысы күнкөрістеріне жетпеуге айналады. Ойлана келе, өз еркімен жұмысынан шығып, Алматыға кәсіп іздеп барады. Түрлі компанияларда зат түсіріп, басқа да жұмыстарды атқарды. Кейінірек Алматыдағы көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада кітапханашы болып жұмыс істейді. Сол кітапханада істей жүріп, елімізге танымал небір майталман жазушы, ғалымдармен танысып, іс-шаралар өткізеді.
Осыдан оншақты жыл бұрын Таразға қайтып, өзінің еңбек жолын бастаған кітапханасына қайта жұмысқа тұруға ниеттенеді. Кітапхана директоры Эльмира Әбдинова мұндай білікті маманды қуана қабылдап, қызмет береді. Сол уақыттан бері Гүлсім Құрманбекқызы кітапхананың жұмысына құлшына кірісіп, мыңдаған оқырманға қызмет етіп жүр. Кітапхана өткізетін іс-шараларға да үнемі белсенді қатысып, ұйымдастыру жұмыстарында да алдыңғы қатардан көрініп келеді.
– Жұрт кітапханашының жұмысы жеңіл деп ойлайды. Кешке дейін көп кітаптың ішінде кітап оқып отырады деп топшылайтындар да аз емес. Суда жүріп шөлдеген балыққа ұқсап, мыңдаған кітаптың ортасында жүрсек те, оны оқуға уақытымыз бола бермейді. Жұмыстан тыс кездерде болмаса. Себебі, әр оқырманның талабы – әртүрлі. Бір оқырманға тарихи деректер қажет. Оны іздеп, тауып беру үшін сағаттап уақыт кетеді. Ол – біздің міндетіміз.
Сонда да кітапхана жұмысы маған қызық. Күн сайын ақпараттың ішінде жүресің. Күн сайын кітап алуға келген белгілі адамдарды көресің. Алматыда Дулат Исабеков, Әбіш Кекілбай, Әкім Таразиді көрсек, осы облыстық кітапханада қызмет атқара жүріп Кәрім Баялиев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Көсемәлі Сәттібайұлы, Мекемтас Мырзахметұлы бастаған жазушы-ғалымдарды кездестіріп, іс-шараларды бірге өткіздік.
Мәскеуге көрмеге де бардық. Осы мамандықтың арқасында талай өңірді араладық. Оған да шүкіршілік дейміз. Ал жазушы, марқұм Несіпбек Дәутайұлынан көп дәріс алдым. Ол кісі менімен өте жақсы сөйлесетін. Кабинеті кітапқа толып, сіресіп тұратын. Әдебиет жайлы әңгімеміз де ортақ болатын. Қазіргі таңда өзім әдіскер болып, жас мамандарға білген тәжірибемді бөлісіп жүрмін, – дейді Гүлсім Құрманбекқызы. Ал аталған кітапхана директоры Эльмира Елеусізқызы: «Гүлсім Құрманбекқызы – кітапханамыздың ең жауапты, тәжірибелі маманы. Ол кісі ортамызда құрметті. Жас кітапханашыларға үйретері көп, ол кісінің еңбегін қашанда бағалаймыз. Ата-ана, бауырларыма рақмет» деді.
Гүлсім асыл жары екеуі екі перзент тәрбиелеп, олар өмірден өз орындарын тапқан. Гүлсім Құрманбекқызының әр кездердегі еңбегі бағаланып, Мәдениет министрлігі мен облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Есет Досалы
«Aq jol». - 2023. – 25 ақпан (№23). – 8 б.