Тарихы терең Тараз шаһарына киелі Түркістан өңірінен бір топ мәдениет өкілі келді. Оның ішінде Түркістан облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері бар. Осыған орай «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «5 жыл – 5 әдеби сапар» акциясы аясында іс-шара өтті. Іс-шара барысында «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасы түркістандық ақын-жазушылардың кітаптарынан және тарихи жәдігерлерден көрме ұйымдастырды.
Атап айтсақ, көрмеге Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Өзбекәлі Жәнібеков, Тәкен Әлімқұлов, Еркінбек Тұрысов, Әселхан Қалыбекова секілді тұлғалардың кітаптары және Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірінен алынған сирек қорлар қойылыпты. Көрмені аталған кітапхананың ғылыми-зерттеу жұмыстары бөлімінің меңгерушісі Динара Сазанова таныстырды. Іс-шара барысында жамбылдық кітапханашылар да көрме жасады.
Мұнда Күләш Ахметова, Рафаэль Ниязбек, Елен Әлімжан, Қайырбек Асанов, Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған ақын-жазушылардың туындылары қойылған.
Мәдени басқосуда жас айтыскер Дидар Апбасов жырдан шашу шашса, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің Төрехан Көрпебаев басқаратын «Домбырашылар» ансамблі көптің көңілінен шықты. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Бақыт Шағырбаев, Әбілет Әбдікәрімов, Бақберген Сметов әнді нақышына келтіріп шырқады. Өзге де өнерпаздардың өнері көпшілікті бір серпілтіп тастады.
Сондай-ақ, түркістандық композитор Бекжігіт Сердәлі, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының директоры, ақын Айдар Сейдәзім және ақын Абай Қалшабекпен кездесу өтті. Іс-шара соңында Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың директоры Эльмира Абдин қонақтарға құрмет көрсетті.
Есет ДОСАЛЫ
«Aq jol». - 2023. – 22 сәуір (№45). – 8 б.