Мемлекеттік рәміздер - Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы, өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі.
Ұлттық рәміздер күніне орай Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ұлт пен ұрпақтың арасын жалғап, рухын асқақтату мақсатында «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз» атты дөңгелек үстел өтті.
Оған облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы облыстық мемлекеттік архивінің қызметкері Әділбек Баққараев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Тарих және география» кафедрасының аға оқытушылары Ерлан Байболов пен Айгүл Таңсықова қатысты. Жиында алдымен еліміздің Әнұраны шырқалды.
Түрлі мемлекеттерде жарыстарға қатысып, бәйгеде шашасына шаң жуытпаған біздің ұландарымыз жеңіске жетіп, көк Байрағымыз көкке көтерілгенде, рухымыз да биіктей түседі. Әр мемлекеттің өзінің тарихынан хабар беріп тұратын рәміздері бар.Ұлттың ұлттығын танытатын да сол рәміздеріміз.Ендеше, әрбір азаматтың жүрегінде Отанға деген ұлы сезім болуы тиіс, деді Әділбек Баққараев.
Салтанатты кеш барысында кітапхана қызметкері Салтанат Рахымжанова «Қазақстаным, алға» әнімен көрермендердің ықыласына бөленді. «Әрбір жастың Отанға деген ыстық ықыласы оны болашақтың биік баспалдағына жетелейді. Тарихын танытып, өткеніне көз жүгіртіп, болашағына байыппен қарауды үйретеді», - деген М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2 курс студенті Әшірхан Құттыбек те тарихтың тамырынын сыр шертіп, Отан-Анаға деген жас жүрегінің түбіндегі тұңғиық ойын ортаға салды.Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты көрінген елдің ертеңі еңселі, болашағы жарқын.
Құралай Сейсенбекқызы
«Aq jol». - 2023. – 3 маусым (№61). – 8 б.