Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Абыз Абай, аңыз Абай

    Абай – қазақ халқының сарқылмас қазынасы, рухани жаңғыруының қайнар бұлағы. Даналығы күллі адамзатқа ортақ хакім ұлтымыздың ұлы тұлғасы, биік шыңы. Хакімнің туған күні ел аумағында һәм Әулиеата өңірінде де тағылымды шаралармен аталып өтті.

   Кезiнде мұзбалақ ақын Мұқағали Абайдың қазақ тарихындағы орнын бiр-ақ ауыз сөзбен «Абай – Гималай» деп даралаған болатын. Расында, ақылдың Гималайына айналған, ұлтына ұлағат айтып, ұрпақ санасына ұлы құндылықтарды сіңіруді мақсат еткен кемеңгердің өшпес өнегесі ешқашан ұмытылмайды. Хакім жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қарасөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды», деп атап өткендей, бұл күнде хакімнің шығармашылығына жастардың зор қызығушылығы көңіл қуантады.

   Жалпы, бұл күнде қазақтың Абайы деген ұғым Абайдың қазағы дейтін ұлағатты ұстанымға айналғаны хақ. Абайдың 150 жылдық мерейтойы тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ елін алғаш рет әлемге паш еткен айтулы оқиға болды. Елдің абыройын асқақтатқан сол дүбірлі той ұлысымыздың руханиятын әлемдік шыңға бір-ақ жеткізгені жұрт жадында.

   Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Абай туған өлкеге барған сапарында: «Абай шын мәнінде, қазақ болмысының айнасы. Ақынның дара тұлғасы – халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық. Дүниежүзі әдебиетінде Абай сияқты ақын, ағартушы, ойшыл, сыншы кемде-кем. Абай шын мәнінде, қазақтың біртуар перзенті» деп айтқаны Мемлекет басшысының қасиетті қазақ әдебиетіне, тіліне, руханиятына деген зор жанашырлығының, ұлы ақынға деген үлкен құрметінің айқын көрінісі болды.

   Осылайша, жалпыұлттық сипат алған ұлт абызының туған күні, яғни 178 жылдығына орай облыс орталығындағы ақын атындағы даңғылдың бойындағы еңселі ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

   Аймақтың атқамінерлері мен зиялы қауым өкілдері бастаған, қала тұрғындары мен жалынды жастар қостаған жұрт «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» Абай Құнанбайұлының рухына тағзым етті.

   Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Абай күні қарсаңында кемеңгер, ойшылдың ескерткіші жанында «Абай – рухы ұлы тұлға» атты абайтану сағаты өтті.

   Абай рухына тағзым ету, ұлы ақынның мұрасын жастардың санасына сіңіру, өлеңдері мен қарасөздері арқылы жас ұрпақты адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулу, білімге деген құштарлығын арттыру, бойларына сұлулық, көркемдік қасиеттерін дарытып, мейірімді, адал болуға, адамгершілікке, отаншылдыққа, жаман әдеттерден бойын алыс ұстауға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан, әдебиеттанушы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті филология және журналистика факультетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев, облыстық мамандандырылған күзет басқармасының жас қызметкерлері қатысты.

    Кітапхана қызметкерлерінің орындауында Абай Құнанбайұлының керемет табиғат көріністерін, махаббат сырларын кестелі тілмен айшықтаған әлем поэзиясындағы шоқтығы биік туындысы – «Желсіз түнде жарық ай» әнімен бастау алған іс-шара қонақтары Абайды тану, абыз шығармаларын меңгеру арқылы өмірде өз қажетіне дұрыс қолдана білу әр адамның парызы екенін, ал оны оқып-үйрену, жан- жақты талдай білу, Абай тереңіне үңілу бүгінгі ел болашағының міндеті болып саналатынын айтты. Әр адам іздегенін табатын, оны өміріне тірек ете алатын бағыт-бағдарын айқындап, сарқылмас қуат күшті де Абай шығармаларынан алатынын кітапханашылар әдеби мұралары арқылы жеткізді. Қаладағы №6 кітапханада да жазғы демалыстағы мектеп оқушылары хакімнің өлеңдерін жатқа оқып жарысты.

   «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары да айтулы күнді айрықша атап өтті. Тараз гарнизонында қалалық Абай атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен кітап көрмесі өтіп, жауынгерлер мен олардың отбасы мүшелері Абайдың жырларын жатқа айтты.

Нұржан Қадірәлі

«Aq jol». - 2023. – 12 тамыз (№89). – 1-8 б.

Яндекс.Метрика