Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Балалар әдебиетінің дарабозы

     Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбиннің 80 жас мерейтойына орай «Қарлығаш көңіл қаламгер» атты шежіре сағаты өтті. Іс-шара «Бір өңір – бір кітап» облыстық акциясы аясында ұйымдастырылды.

   Жиынның мақсаты – есімі көпшілікке жақсы таныс балалар жазушысы Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылығын көпшілікке насихаттау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Іс-шараға халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Елен Әлімжан мен Көсемәлі Сәттібайұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ақділдә Диханбай мен Амангелді Әбіл, ақындар Ғайни Әлімбекқызы, Үміт Битенова, Бақытжан Советұлы қатысты. Қатысушылар арасында әдебиеттанушы, «ҚР Білім беру саласының үздігі», М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға-оқытушысы Бақытжан Мақашев, «AulieataMedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Оралхан Дәуіт, облыстық «Аq Jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, облыстық «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков, кітапхана оқырмандары мен белсенді жастар да болды. Алғашқы сөзді халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Елен Әлімжан алып, Пернебай Дүйсенбиннің жазушылық ерекшелігін тілге тиек етті. – Пернебай Дүйсенбинді мен әуелде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған мақалалары арқылы сырттай танып-білдім. Бұл осы басылым арқылы қазақ әдебиетіне небір талантты қаламгерлер келіп қосылған, өткен ғасырдың 60-жылдарының аяғы болатын. ҚазМУдың журналистика факультетінде оқитын Пернебай еңбек адамы туралы очерк жазатын көптің бірі болып қалған жоқ. Ел назарын өзіне бірден аударды. Өйткені ол сол болашақ журналистердің кез келгенінің тісі бата бермейтін сурет өнері (живопись) жайында жазды. Жай жазған жоқ, біліктілікпен жазды. Әлі есімде, солардың бірі күллі Кеңестер одағына аты шыққан өзбекстандық суретші Орал Таңсықбаев туралы еді. Қалың қазақ бұл кісіні біле бермейтін ол кезде. Білсе де өзбек халқының өкілі деп есептейтін. Сондықтан іс жүзінде дарынды қандасымызды қалың қазағымен қайта қауышуына осы Пернебайдың мақаласының әсері мол болды. Пернебайдың прозасын шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – балалардың өз әлемі, мінезі, өзіне шақ ойы, қызық әрі балаларға ғана жарасатын іс-әрекеттері бар кәдімгі реалистік проза. Бұған әсіресе «Кішкентай генералдар» хикаяты жарқын мысал. Автордың бұл шығармасы мол тиражбен қайта-қайта басылып, «Жалынның» жабық бәйгесін бекерге жеңіп алмағанын дәлелдепақ тұр. Екінші топқа жататындары – хикаят-ертегілер, фантазиялар. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күннің қиял-ғажайыптары. Мен өз басым Пернебайдың бұл топтағы повестерін қазақ балалар әдебиетінің інжу-маржанына баладым. Балалар әдебиетінің інжумаржаны дегенде, әрине, қазақ оқырманы ең алдымен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» еске түсіреді. Бірақ бұл типтегі шығармалардан Дүйсенбин хикаяттарының мүлдем табиғаты бөлек. Қазақ балалар әдебиетінде бұрын-соңды болмаған туындылар. Адамзаттың түбіне жететін әділетсіздіктің төркіні тым тереңде, ал көкжиегі жүйрік қиял ғана жете алатын тым алыста болып шықты. Пернебай жас оқырмандарын, міне, соған даярлайды. Пернебай шығармаларының енді бір парасында екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы және одан кейінгі ауылдар суреттеледі. Бұлар бала көзімен сипатталса да өзіне дейінгі ағаларының шығармаларына арқау болған өмір болғандықтан көп кейіпкерлері таныс. Мәселен, «Сол бір асу» хикаясындағы қашқын Кертайдың іс-әрекеттері сырт қарағанда бұрын осы тақырыпта жазылған Ш.Айтматовтың, Распутиннің хикаяларымен сарындас болғанымен шешімі мүлдем бөлек. Демек, оларды қайталады немесе еліктеді деуге еш негіз жоқ. Оның қашқынын билік иелері де, ауыл адамдары да емес, оларға жеткізбей туған жерінің ақ бораны жазалайды. Солай екен. Сатқындыққа туған жерің де төзбейді екен. Бұл шынында да екі қаламгердің бірінің қолынан келе бермейтін айтары өзге әрі ұтқыр шешім. Сондай-ақ жазушы өзінің осы көркем шешіміне оқырманын нандырады, – деді Елен Әлімжан. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жазушы туралы жылы естеліктермен бөлісіп, қаламгердің иығына зерлі шапан жапты. Бұдан кейін жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы да Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылығына кеңінен тоқталды. – Пернебай ағамыздан біз көпті үйрендік, шығармаларын оқып, ой түйдік. Жазуды үйрендік. Оқырмандарының көңіл пернесін дөп басқан Пернебай Дүйсенбиннің балаларға арналған тамаша кітаптары бар. Мәселен, жаңа ғана кітап сөрелерінен «Кішкентай генералдар» деген кітапты алып, қарап шықтым. Бұл осында отырған жастарға арналған кітап екен. Мұнда естіген әңгімелеріңді құлақтарыңа құйып, өздеріңе түртіп отырыңдар. Бұл алдағы өмірлеріңе азық болатыны анық, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы. Сондай-ақ Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылығына тоқталған уақытта оның шежірені де жазғанын айта кеткен жөн. Бұл туралы Елен Әлімжан айтты. – Шежіре – көркем дүние болмағанымен кез келгеннің қолынан келе бермейтін айрықша сала. Шын шежірешілер мыңнан, миллионнан біреу ғана шығады. Әрі оның да дәреже, деңгейі бар. Мәселен, ата, ру шежіресімен шектелетіндер бар да, тайпа, халық деңгейіндегі шежірешілерге дейін көтерілгендер бар. Ондай шежірешілер тіпті аз. Пернебай сол аздың бірі. Әрі ол жай ата-атаға таратып, аты-жөндерін тізіп шығумен шектелмейді. Ел тарихын, сол елден шыққан сөз ұстап, қол бастаған тұлғалары туралы көптеген деректер келтіріп отырады. Ел ішіндегі көнекөз, құймақұлақ, шежіре қарттардың айтқан естеліктерін де қосып отырады. Сондықтан да оның «Үркердей болып көшкен жұрт», «Сарысунама» және басқа шежіре кітаптары болашақ ұрпақтар үшін нағыз таптырмас дереккөздер, – деді ол. Осыдан кейін сөз алған мерейтой иесі қазақ әдебиеті жайлы тереңнен сөз қозғады. Қаламгермен қонақтар өзара сыр шертісіп, жиын жазушының шығармалары туралы қызықты әңгімеге ойысты. Іс-шара соңында Пернебай Дүйсенбин аталған кітапханаға өзінің 5 томдық кітабын сыйға тартты. Өз кезегінде кітапхана қызметкерлері қаламгерді құрметтеп, иығына шапан жапты.

 

Аяулым ЖАМАНҚАРА

 «AR-AI». - 2023. – 8 қыркүйек  (№68). – 2 б.

 

Яндекс.Метрика