Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Дүйсенбиннің дара жолы

   Қазақ руханиятының дамуына үлес қосқан талантты жазушының бірі – Пернебай Дүйсенбин. Қарымды қаламгер биыл 80 жасқа толып отыр. Өңірдегі зиялы қауым мен оқырмандардың да жазушыға құрметі ерекше. Қаламгердің мерейтойына орай, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының бродкастинг залында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбиннің «Қарлығаш көңіл қаламгер» атты кездесу кеші өтті. Бұл іс-шара «Бір өңір – бір кітап» облыстық акциясы аясында ұйымдастырылды.

   Кездесуде алғаш сөз алған жазушы Елен Әлімжан Пернебай Дүйсенбиннің студент шағынан, суретшілік өнеріне бой ұрып жүрген жалынды жас күндерінен естеліктер айтты.

   Сондай-ақ, кейін отбасы жағдайымен ауылына оралған қаламгердің ұстаздық жолы басталып, балалар тақырыбына сәтті қалам тербегенін, ауыл балаларының психологиясын, мінез-құлықтарын тайға таңба басқандай айқын суреттеп, ешкімге ұқсамайтын өз стилімен бере білгенін сөз етті. «Пернебай – ғылымның ең озық жетістіктерін көркем шығармаға қиял-ғажайып оқиғалар арқылы кіргізді. Әдебиетті ғылыммен ұштастыра жазғанда әлемнің көп жазушылары ойлай бермейтін тереңдікке кетті. Бір шығармасында соғыстан қайтқан қашқынды, оның психологиясын керемет суреттеп, оның ауылына жете алмай боранда үсіп жан тапсырғанын жазып, ұтқыр шешімдерге барды. Пернебайдың жазған шежіресі – қазақ тарихының бір бөлшегі. Бұл кісі қазақ батырлары туралы да ізденіп, жүзден астам батырдың есімін жаңғыртып, жарыққа шығарды. Бір кездері облыстық «Алтын шырақ» журналына да автор ретінде үлкен үлесін қосты. Ол да тынымсыз еңбектің жемісі», деді Елен Әлімжан. Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз сөйлеп, ертеректе Сарысу ауданын басқарып тұрғанында қаламгерге қолдау білдіргенін, жазушының сол кездерде өндіріп жазып жүрген кезі болғанын айтып, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешовамен бірге қаламгердің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Күләш Әбдікешова өз сөзінде әйгілі әншілер Сәуле Жанпейісованың қалыптасуына, Ардақ Исатаеваның жарқырап көрінуіне Пернебай Дүйсенбиннің үлесі көп болғанына тоқталды. Жазушының бұл еңбегін шәкірттері де ұмытпай, әлеуметтік желіде және республикалық басылымдарда ұстаздары жайлы жылы естелік жариялап жүргені белгілі.

   Мұнан соң жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз алып, балалар тақырыбы өте күрделі екендігін, сол салада Пернебай Дүйсенбиннің ұзақ жыл жемісті еңбек еткендігін түрлі естеліктерімен бірге қызықты баяндап берді. «Aulieata-Media» ЖШС Бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт, сатирик Бақытжан Советұлы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы Бақытжан Махашев, сарысулық ардагер журналист Диқанбай Әбілда, Ақпарат саласының үздігі Амангелді Әбіл, ақындар Үміт Битенова, Ғайни Әлімбекқызы, Баймаханбет Ахмет Пернебай Дүйсенбин туралы жылы лебіз білдірді. Сарысулық азаматтар жазушыға құрмет көрсетіп, сый жасады.

   Кездесу кешін Пернебай Дүйсенбин сөз сөйлеп қорытындылап, барша қонақтарға, кітапхана ұжымына шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ, жазушы оқырмандар үшін аталған Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап- ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдиноваға көптомдық кітаптарын табыстады.

Есет Досалы               

«Aq jol». - 2023. – 9 қыркүйек (№101). – 8 б.

Яндекс.Метрика