Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Қаламмен нұрын шашқан Ғайни ақын

   «Жазушымен бір күн» жобасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Жастар» аллеясының «Білім» алаңында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызымен «Сөзден күмбез тұрғызған…» атты кездесу кеші өтті.

   Бұл кештің аллеяда түрлі көрнекіліктермен көмкеріліп өтуінен бір өзгешелікті аңғарғандай болдық. Ақын кітаптарының макеттерінен құрылған кітап инсталляциясы, туындылары мен фотосуреттерінен дайындалған кітап көрмесі көздің жауын алардай үйлесімділік тауып тұрды. Ғайни Әлімбекқызы туралы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Зайда Елғондиева: «Ғайни ер көңілді, ерке мінезді ақын. Аузын ашса, жүрегі көрінеді. Өмірге ақындық көңілмен қарайды. Ғайнидың өз құрбыластарынан ерекшелігі де сол. Оның өлең жырының өн бойынан Махамбетке тән күрескерлік сарынмен қатар, Қобыландының Құртқасына тән нәзіктік пен шынайылық сезіледі. Ендеше қазақ поэзиясына өзгеге ұқсамайтын, өзгеше қолтаңбасы бар ақын келді деп ойлаймын», деген екен. Бұл ақынға берілген әділ баға.

   Кеш Меңдібай Әбіловтың «Ұғынғандай ойдың ғажап тереңін…» атты толғау өлеңін кітапханашылардың кезек-кезек оқып, көпшілік назарына ұсынуынан басталды.

   Кеш барысында Ғайни Әлімбекқызының сөзіне жазылған сазгер Жандос Омаровтың «Сені сүю» әнін Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілері Жанна Асанқұлова мен Әскербек Досанов орындады. Кітапханашы қыздар сүйсіне оқыған Ғайни ақынның жаңа өлеңдері де көңілге қонымды екен.

   Кеш иесінің сөзіне жазылған Есжан Әміровтың «Қыз жүрегі» әнін кітапханашы Алтынай Абдраимова, Дүйсенәлі Бықыбаевтың сөзіне жазылған «Келерсің өзің» әнін Жазира Базарбаева жүректерге жеткізе орындады.

   Мұнан соң Ғайни Әлімбекқызы ортаға шығып, сиясы кеппеген өлеңдерін көпшілік назарына ұсынды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Жасын» әдеби клубына мүше студенттер көпшілікке өлеңдерін тарту етті.

   Ақын, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Мамасерікова артынан еріп келе жатқан ақын сіңлісі жайлы толғана сыр шертсе, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали кеш иесінің өлеңдерін жатқа оқыды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Меңдібай Әбілов, Қасқырбай Нарбатыр, Бақытжан Советұлы, Үміт Битенова пікір білдіріп, құрмет көрсетті. Медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков, Мәдениет саласының үздігі Айгүл Қабиева, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Зарина Қуатова ақынға деген ақжарма тілектерін ақтарды.

   Жиын соңында Ғ.Әлімбекқызы барша қонақтар мен тыңдармандарға шынайы алғысын білдірді. Осылайша көпшілік тамаша кешке куә болды.

 

Есет ДОСАЛЫ

«AR-AI». - 2023. – 15 қыркүйек  (№70). – 8 б.

Яндекс.Метрика