Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Азаматтығы аңыз болған жан

   Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Тараз қаласының Құрметті азаматы, актер, драматург Әлібек Әмзеұлының 70 жас мерейтойына орай кездесу өтті.

   Кездесуге мұрағаттанушы, журналист Мақұлбек Рысдәулет және қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері қатысты.

   Кешті жүргізуші Эльмира Абдинова облыс мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып, қаладағы тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, мәдениет ошақтарының ашылуына ықпал еткен Әлібек Әмзеұлының еңбек жолын саралап айта кетіп, үш мәрте ұсынылған пәтер кілтін үйі жоқ отбасыларға табыстап кеткені жөнінде әңгіме өрбітті.

   – Сізге үш мәрте қызметтен пәтер берілді. Үшеуін де үй-жайы жоқ отбасыларға сыйлап кеттіңіз. Сіздің мұндай жомарттығыңыз ел аузында аңызға айналғалы қашан?! Сіз қызмет еткен жылдары сізге тағылғалы тұрған медальді кітапханашы Гүлжахан Рысқұловаға ұсыныпсыз. Кездесуді пайдаланып, сізге тосынсый ретінде ардагер кітапханашы Гүлжахан апайды ортаға шақырамыз, - деп Эльмира Елеусізқызы ардагер кітапханашыны төрге оздырды. Ұзақ жылдар көріспеген екеудің ел алдында кездесуі расында әсерлі шықты.

   –  Әлібек Әмзеұлы мәдениетті басқарған тұста өзімнің сүйген мамандығым болғандықтан, қиын-қыстау кезеңді бастан кешірсем де, үш жыл бойы еңбекақысыз кітапханада қызмет еттім. Сол еңбекті бағалап, өзіне ұсынған медальді өзгенің кеудесіне қиған азаматты қалай құрметтемейсің?! Кейін Әлібек Әмзеұлының кеңесімен қызымды да осы салаға баулып, кітапхана мамандығын оқыттым. Өзімнің сан жылдар еңбек еткен кітапханадағы еңбегімді бүгінде қызым жалғастырып отыр, - деп ағынан жарылған ардагер кітапханашы Әлібек Әмзеұлының иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.

   –  Мен мәдениетте еңбек еткен жылдары облыс әкімі Амалбек Тшанов еді. Мінезім тік. Айтқан сөзге көне қоймайтынмын. Сол мінезімнен қызметімді тастап, екі жыл туған жеріме кетіп қалдым. Кейін облыс әкімдігіне Серік Үмбетов басшылыққа келіп, үш рет шақыртты. Үшінші шақыртуында өтінішін қабыл алып, қайта жұмысқа тұрдым, - деді Әлібек Әмзеұлы.

 

Құралай Сейсенбекқызы

Жамбыл Тараз.- 2018.- 5 қаңтар (№1-2).-8 б.

Яндекс.Метрика