Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Қоғам нашақорлықпен күресуде

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында есірткі қылмысын еліміздегі өзекті мәселелердің бірі ретінде атап өтіп, әсіресе оның жастар арасында белең алуына қарсы күрес жүргізуді күшейтуді тапсырған болатын.

    Бүгінде нашақорлық – бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Дәл қазіргі таңда әрбір жанұяның есігі мен терезесіне үңіліп, айналасын торып, ғасыр індеті жүр. Ресми статистикаға сәйкес, елімізде 18,3 мың адам есірткіге тәуелді. Өткен жылы есірткіні мөлшерден тыс қолданған 87 адам қайтыс болған екен. Дегенмен бұл сандар нақты жағдайды көрсетпейді. ДДҰ болжамы бойынша, Қазақстандағы нашақорлар саны 150 мыңға жетуі мүмкін. Ал ҚР МАМ Ақпарат комитетінің мәліметінше, интернет желісінде 2022 жылы есірткіні насихаттайтын 2 мыңнан астам материал анықталған. Ал ағымдағы жылдың өткен кезеңінде осындай 3 мыңнан астам материал анықталыпты. Бүгінде көне шаһарда есірткі қылмысымен күрес өз жалғасын тауып келеді. Мысалы, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесімен бірлесіп 100-ден астам «граффити» жазбалары өшірілді. Сондай-ақ интернет желілерін шолу нәтижесінде есірткіні насихаттаумен айналысатын 28 аккаунт анықталып, бұғатталған болатын.

   Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзиннің айтуынша, қазіргі таңда есірткімен күрес құқық қорғау органдары жұмысының аса маңызды салаларының біріне айналып отыр.

   Жалпы 2023-2025 жылдараға арналған есірткі бизнесіне қарсы күрестің ведомствоаралық  ауқымды кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді. Шу алқабы жабайы қарасораның ең көп өсетін үлкен аумағы болуына байланысты негізгі есірткі қауіптерінің  бірі болып отыр.

   Сондықтан есірткі жеткізу арналарын анықтап, жою, оларды біздің өңірімізден дайындап әкетуге қарсы іс-қимылды күшейту әрдайым назардан тыс қалмаған. Тәжікстан Республикасынан есірткі транзитімен келетін «героинді» облыс аумағына жеткізу арнасы тоқтатылды. Арнайы операция барысында облыс аумағында есірткінің аса ауыр түрін өткізумен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Топтың барлық мүшелері құрықталып, оның ішінде 25 аса ауыр есірткі қылмысын жасаған 5 адам ұсталды, - дейді А.Баймурзин.

   Біреулер есірткі таратып, байлыққа белшесінен батып жүр. Ал қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап, өлім құшуда. Ел ішінде нашақорлар саны жыл сайын артуда. Алайда біз көрмеген, білмеген кейіп танытамыз. Өз басымызда болмаған соң, өзгенің проблемасына жүрегімізді де, жанымызды да ауыртқымыз келмейді. Адам баласы алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Ал артта ұрпақ өсіп келеді. «Не істеу керек?», «Жастарды оның құрығынан қалай құтқарамыз?» деген сауалдар, әрине, адам жанын мазалайды.

   Есірткіге еліктейтіндер – негізінен жасөспірімдер мен жастар. Олар өлімнің не екенін терең ұғынбайтын жаста есірткіге ұрынады. Өлімнен үлкендер қорқуы мүмкін. Ал жастар қорықпайды. Сондықтан оларға өлім жалған дүниемен бірдей. Жастар психологиясына жүргізілген зерттеулер, олардың орта іздейтіндігі, ортасы жоқ жасөспірім жапанда жалғыз қалғандай сезінетіндігі дәлелденген. Психолог-дәрігерлер отбасында бала ішімдік, темекі, есірткі сияқты естен айыратын әзәзіл туралы ерте бастан естігені дұрыс екендігін, бала жаман әдет туралы ерте білсе, соғұрлым тез жиренетіндігін, одан бойын аулақ ұстайтындығын ескертеді.

   Осыған байланысты қоғамдық қасіреттің алдын алу мақсатында жергілікті жерлерде халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Жастарды спортқа, басқада мәдени ұйымдарға тарта отырып олардың бос уақыттарын кіммен қалай өткізетіндігіне аса көңіл бөлінсе дегім келеді.Жалпы кітапхана қызметкерлері нашақорлықтың әлеуметке ортақ проблема, әлі де бұл тақырыптың өткір тақырып болып қалып отырғандығын ескере отырып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.  

Қоғам нашақорлықпен күресуде [Мәтін].

/А.Құрманова, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық

әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі.

//«Jambyl-Taraz». 2023. –22 қараша (№92). -3б.

 

 

Яндекс.Метрика