Ұлттық құндылықтар - қандай да бір халықтың болмысында жылдар бойы жалғасып, бабасынан баласына мирас болып келе жатқан асыл қасиет. Жылдардан жылдарға жалғасып жеткен қазақтың асыл қазынасы - тілі,діні, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері - халқымыздың рухани байлығы. Сол ұлттық құндылықтарымыздың нәтижесінде біз өзіміздің ұлттық болмысымызды сақтап, дүниеғе танылып отырмыз.
Алаштың ардақты ақыны Абай «Заманды қай жан билемек, заманға жаман күйлемек?» дейді. Данышпанның осы сөзі дүние дамуының кезеңдерін түсінуге мүмкіндік береді. Бүгінде әлемдегі ұлы көшке ілкескеніміз дұрыс, дегенмен осы ғасыр көшінде ұлттық болмысымызды сақтап қалу аса маңызды. Өзіміз өмір сүріп жатқан ғасырда ойы ұшқыр, дүние мәдениетімен бәсекеге түсе алатындай мығым күш керек болып тұр. Бұл — ең маңызды жауапкершілігі мол жұмыстардың бірі. Біз үшін еліміздің өркендеуі, ұлттық болмысымыз бен ұлттық құңдылықтарымызды сақтау бірінші орында.
Әрине, «Тәрбие талбесіктен басталады» деп халқымыз тегін айтпаған. Демек, адам баласының тәрбиесі шыр етіп дүние есігін ашып, тал бесікке түскен кезден бастау алады. Бұл жөнінде ұлтымыздың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты еңбегінде: «Тәрбиенің мақсаты - адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлты бақытты. Адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқандау тәрбиенің мақсаты - адам деген атты құр жалаң қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару», - деген екен. Ардақты ақын айтқандай, тәрбиенің бағыты - ата-анаға, қоғамға пайдалы, бойына ізгі қасиеттерді дарытқан абзал ұрпақ тәрбиелеу. Аталған жұмыстар өз жемісін беру үшін баланың отбасынан, балабақшада, мектепте қалыптасып, есейген шақта қоғамдық ортада жалғасады.
Әрине, өз ұлтыңды сүйсең ғана ұлттық құндылықтарды ұлықтайсың. Ұлтты құрметтеу- барша ұлттық құндылықтарды дәріптеу, құрмет керсету, сақтау. Өз ұлтын сүймеу - сол мемлекет үшін аса қауіпті құбылыс. Ол дамудың жолын кеседі. Бұл адамзат тарихында сан рет қайталанған. Біз дүниедегі жоғары, ұлтымызға пайдасы бар құндылықтарды игере отырып, құндылығымызды көздің қарашығындай қорғауымыз керек. Жалпы ұлттық құндылықтар –ұлттық идеяның негізгі күре тамыры, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Ұлттық идея -туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген сезім. Ол - ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ал осы ұлттық идеологиямыз әлсіз болса, барлық салаға өзінің теріс әсерін тигізетіні шүбәсіз.
Даңқты батыр жерлесіміз Бауыржан Момышұлы: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы санаған. Батырлық, ерлік ұрпақтан-ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы - батыр халық», - деген екен. Расыңда, Алтай мен Атыраудың арасындағы кең байтақ атырапты жаудан қорғап, қасық қаны қалғанша күрескен, түні бойы етігімен су кешіп, ер жастанып |ұйықтап, елім, жерім деп еңіреп өткен ұлтқа мақтан ұлдарымыз аз емес. Олардың ерлігі кейінгі ұрпаққа қашанда өнеге.
Қысқасы біздің қоғам алдындағы міндетіміз-ұлттық мінезін жоғалтпаған, рухы өр, кісілік қасиеті көп көретін, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеп, әлсіздікке бой алдырмау, келешекке кемелді мұра қалдыру. Ал ұлттық кұндылықтарымызды ұлықтау - сол ұрпақтың міндеті.
Сәрсенкүл ЖҰМАНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық
әмбебап ғылыми кітапханасының
өнер жөніндегі әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі
«Jambyl-Taraz». - 2023 жыл. – 1 желтоқсан (№95). - 2 б.