Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Қарызсыз өмірге қадам

   Биыл Аmanat партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 750 мыңға жуық адам қаржылық сауатты арттыру курсынан өтеді. Осыған орай, халықтың қаржылық сауатын арттыратын мамандарды оқыту жұмысы басталды. Олар 5 ақпаннан бастап еліміздің барлық аймағында тренинг өткізетін болады.

   Астана қаласында біліктілікті арттыру курсынан өту және аудиториямен жұмыс істеудің тәжірибелік дағдысын дамыту мақсатында 150 қаржылық сарапшы бас қосты. Олар – халықтың қаржылық сауатын арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» жобасының болашақ дәріс оқушылары. Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында жобаның тиімділігі атап өтіліп, Президент оның ауқымын кеңейтуді тапсырғанын айтты.

   «Биыл қаржылық сауаттылық негізін мектеп қабырғасынан баст ап оқытуды жо спарлап отырмыз. Ол үшін Үкіметпен бірлесіп оқушыларға, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралдары әзірленеді. Жобаның ауқымын кеңейту мақсатында еліміздің барлық өңірінде 750 мың адамды, оның ішінде 100 мың студент пен 550 мың оқушыны оқыту жоспарлануда», – деді Эльдар Жұмағазиев.

   «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева өтініш берушілерді іріктеу кезінде 90 күннен астам мерзімі өткен нсиесі бар азаматтарға басымдық берілетінін айтты.

   «Бүгінде еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 77 пайызында несие бар. Ал 1,7 миллион адамның несие төлеу мерзімі өтіп кеткен. Біз тек сан мен санауды үйретіп қана қоймай, таңдау жасау еркіндігіне жол ашамыз. Өйткені, қаражатты қалай басқару керек екенін білген соң, сіз жай өмір сүріп қана қоймай, алдағы күнге жоспар да құра аласыз. Біздің жоба – қаржылық тәуелсіздіктің кілті», деді Ақмарал Бекмұрзаева.

   Қаржылық сауаттылық жөніндегі с арапшы, т ренер Жандос Әзімбайдың айтуынша, тыңдаушылар арасында түрлі жағдайға тап болған жандар кездеседі. Алайда, халықтың басым бөлігі аса қажеті жоқ тауарлар мен қызметтерді де несиеге рәсімдеп, сатып алады.

   «Тыңдаушылардың арасында орта есеппен бір адамға 2-3 тұтынушылық несиеден келеді. Ал, несие көлемі 70 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін барады. Алайда, аталған қарызды олар асқан қажеттіліктен алмаған. Адамдар маркетинг айласына алданып, үйде теледидары бола тұра жаңасын алғысы келді. Тыңдаушылардың бірі тіпті 16 несие алыпты», – деді Жандос Әзімбай басқосуда.

   Ал, тренер Айман Ақынбекова «Қарызсыз қоғам», – жобасы аясында дәріс алған әр адам жеке қаржылық жағдайын жақсарту жоспарын қоса алатынын атап өтті.

   «Адамдар көбінесе несиені той жасау үшін алады. Жалақысы 100 мың теңгеге жетпесе де, той жасауға қарызға ақша алуға асығады. Микроқаржы ұйымдарына жүгінеді. Екінші деңгейлі банктерден және микроқаржы ұйымдарынан несие алған адамдар оны неше еселеп қайтаратындарын да білмейді. Бұл да қаржылық сауаттылықтың аздығын көрсетеді», – деп өз пікірімен бөлісті.

   Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда бастау алған болатын. Осы уақыт аралығында 65 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Қатысушылардың орташа жасы – 43. Олардың 65 пайызында несие бар. Қарызды қайтару мерзімі 90 күннен асып кеткен адамдардың үлесі – 18 пайыз. Әрбір екінші қатысушының отбасылық табысы 100 мың теңгеге жетпейді. Сонымен қатар, дәріс алушылардың үштен бірінде кемі 2 несиеден бар. Қатысушылар арасында балаларының несиелерін төлеуге мәжбүр болған зейнеткерлер де болды.

   «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушылары қаржы кеңе сшілерінің дәрістерінен бөлек, enbek.kz порталына тіркелу мен жеке кәсіпкерлік ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақтармен де кеңес ала алады.     Сондай-ақ, оқу процесіне қатысушыларға заңгерлердің де көмегі беріледі. Олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке зерттейді және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.

   Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша Аmanat партиясының аудандық филиалына хабарласу қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәріс 5 жұмыс күнінде өткізіледі.

 

Эльмира АБДИНОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры,

Тараз қалалық мәслихатының депутаты.

«Aq jol». - 2024. – 30 қаңтар (№12). – 4 б.

Яндекс.Метрика