Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Өлең құсы биіктерге самғаған ақын

  Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Ел болып оқимыз» атты облыстық жоба аясында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікованың шығармашылығын насихаттау айлығы салтанатты түрде ашылды. Облысымыздың әдебиеттегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, өңіріміздің әдеби мұрасын зерттеуге деген қызығушылықты дамыту, қоғамның оқуға деген ықыласын көтеруді мақсат еткен жоба жасөспірімдердің зияткерлік-рухани дамуына ықпал етуге бағытталған. Бұл жобаға ақын Шырын Мамасерікованың кітаптарының енуі бекер емес.

   Ол ауылда тұрып, әдеби ортадан тысқары жүрсе де қазақ әдебиетіне шынайы әрі өзекті өлеңдерін қоса білді. Өмірдің ешбір сынағында сыр бермеген, жігері мұқалмаған, қаламы қуатты, өлеңдері елдің ықыласына бөленіп жүрген жан. Туындыларын насихаттау айлығы «Өлең құсы биіктерге самғаған ақын» атты жыр шашу кешімен басталды.

   «Жыл құстары», «Гәкку», «Назерке», «Нәзік нақыш», «Асылдың сынықтары», «Арман гүлі» «Фатима», «Бақыт», «Тәуелсіздік тартулары», «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян», «Елге деген махаббат» кітаптарын жарыққа шығарып, қалың оқырманға ұсынған ақын еңбегімен «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медальдарын иеленген. Ол тек жазба ақын емес, облыстық, республикалық ақындар айтыстарына да қатысып, жүлдегер атанғанын ел біледі.

   Кешке келген қонақтар – жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан, ақындар Қайырбек Асанов, Ғайни Әлімбекқызы және жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, ақын Хамит Есаман, композитор Дүйсенәлі Бықыбаев өткен шақтың естеліктерін әңгімелеп, ізгі тілектерін ақтарды. Замана үнін, ұлтының мүддесін өлеңмен өрнектеген Шырын Мамасерікованың жырларынан адалдықты бәрінен биік қоятын өр мінезді қайсарлық есетіні айтылды.

Ақынның қаламдас құрбысы Күләш Ахметованың:

«Ақ Шырын, Ақын Шырын, Ана Шырын,

Ақ көңiл ауылдағы жанашырым!

Өзiңнiң өмiрiңдей қорғай бiлдiң,

Көзiңнiң өлең деген қарашығын.

Жiбектей желге жайған желбiреп бiз,

Бұлақтай көлге құйған мөлдіреппiз.

Өлеңнiң ауыр тәжiн киемiз деп,

Бейнеттi жолымызды белгiлеппiз.

Аялап ұлттық мүдде, дәстүріңді,

Қорғайсың достық деген басты ұғымды.

Келесің, әже болып, тәрбиелеп

Алтындай қос немере – қос құлынды», деген арнауын ақын Қайырбек Асанов жеткізіп, достық көңілден шыққан сый-сияпатын тарту етті. Ал, Ғайни Әлімбекқызы:

«Тамырымен туған жерге байланып,

Ұзақ түндер өлең жазды ойланып.

Тағдырымен тайталасып күресті,

Құламады, тұрса-дағы шайқалып.

Дауылпаздай дауылдардан ықпады,

Жанарында мөлдір тамшы шықтары.

Елі, жұрты алақанда аялап,

Жер мен көкте өлең ғана ұққаны», –

деген өлеңімен шашу шашып, ақын апаның иығына ақ орамал жапты.

   Фариза Оңғарсынованың «Шырынның жүрек лүпілінен туған өлең-құсы оның жанына жұбаныш, оқырманына қуаныш әкеледі» дегеніндей, кеш кейіпкерінің сыршыл да шыншыл өлеңдерін Тараз қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы №50 мектептің 10-сынып және Жамбыл ауданындағы Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектептің 5-сынып оқушылары мәнерлеп оқыды. Түрлі тақырыптарға арналған өрнекті өлеңдер оқылған кеште кітапханашы Алтынай Абдраимова.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

«Aq jol». - 2024. – 6 ақпан (№15). – 8 б.

Яндекс.Метрика