Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Асыл қазынамызды ардақтайық!

    Жуырда Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Онда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін дамыту және кітапханалар санын арттыру мәселесіне айрықша тоқталды.

   Президент өз сөзінде: «Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгіл, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды», – деп, кітап оқырманға қолжетімді болуы керектігін атап өтті. Кітаптың қасиеті мәңгілік. Ол қасиет қалам ұстаған сөз зергерлерінің ғана емес, өзін қоғамның беделді мүшесімін деген әрбір адамның бойына дарығанда ғана нұрлы болмақ. Кітап – адамның жандүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі. Кітап адамды ізденімпаздыққа жетелейді, ой-өрісін ұштайды. Ал қоғамның сан салалы мақсаттарының бірі – үнемі жас оқырман тәрбиелеп отыру. Бұл қоғамның әлеуметтік институты ретінде танылған кітапхана үшін абыройлы әрі үздіксіз жүре беретін міндет болмақ. Кітапхана – білім мен ғылымның, мәдениеттің орталығы, руханият пен тазалықтың ордасы, зиялы қауым мен оқырмандардың басы тоғысатын жер. Рухы мықты халық болып, келешегіміз одан әрі кемелдене түсуі біздің өз қызметімізге деген адалдығымызға тікелей байланысты деп түсінеміз. Себебі ХХІ ғасыр руханият, мәдениет, ақпарат ғасыры екені белгілі. Ал кітапхана – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі.

 

Эльмира ӘБДИНОВА,

облыстық Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми әмбебап

кітапхананың директоры

«AR-AI». - 2024. – 20 наурыз  (№22). – 2 б.

Яндекс.Метрика