Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты тақырыптағы Қазақстан халқына Жолдауы барша қазақстандықтарға серпін берді.
Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіруге арналған облыстық штабтың мүшелері: Тараз қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Абдинова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті физика және информатика кафедрасының доценті Ескермес Мұсабеков облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Тараз-Арена» спорт кешенінің мәжіліс залында спортшылармен және мекеме қызметкерлерімен кездесті.
Әуелі Эльмира Елеусізқызы сөз алып, Жолдаудың жарқын тарауларына, ұлт саулығын нығайтуға, экологиялық ахуалды жақсартуға арналған бөлімдеріне назар аударды. Ол Президент Жолдауындағы: «Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан, ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша» деген сөздерді көпшіліктің есіне салып, елдің дамуы жолындағы Президенттің мақсат-мұраттарына кеңінен тоқталды. Ал, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті физика және информатика кафедрасының доценті Ескермес Мұсабеков елімізде атом электр стансасын салудың тиімді тұстарын ғылымға сүйене отырып әңгімеледі. Сондай-ақ, облыстық штаб мүшелері көпшілік тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
«AQ - JOL». - 2024. – 12 қыркүйек (№104). – 3б.