Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Саматтың сырлы суреттері

  Жұма күні таңертең жолға шықтық. Жол мұраты – жету, бағытымыз – тек өңгені айтпағанда, тарих пен мәдениет, әдебиет пен өнердің тоғысқан тұсы – Тараз шаһары. «Алатау мен Қаратау – түйіскен жері тұрағың» деп «Жамбыл вальсінде» шырқалатын құтты мекен бұл. Мақсатымыз – әріптесіміз, «Алатау Ақпарат» медиахолдингінің фототілшісі, «Ақпарат саласының үздігі», Қазақ журналистикасының қайраткері Самат Серікбайұлының 50 жылдық мерейтойына орай оның өзі туып-өскен Жамбыл облысында жоспарланған шығармашылық кешке қатысу. Жол бойы «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?..» дегендей, Талас бойындағы тартымды қаланы көз алдымызға келтіріп, ой елегінен өткіздік.

  Міне, көненің көзіндей, кереметтің өзіндей екі мың жылдық тарихы түркі әлемінің тереңіне тартар Тараз шаһары алыстан «менмұндалады». Құрсаулы жайпақ жол (автобан) темір тұлпарымызды тайпалтпады, жол бойы зерікпедік. Жолбасшымыз, «Алатау Ақпарат» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлының тарихи-танымдық, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлының әдеби-танымдық әңгімелеріне ара-тұра өзіміз де қосылып, жосылып отырдық. Бір шайланып, жайланған бізге бес сағаттың белесінде Тараздың төбесі көрінді.

  Қонақүйде Астанадан Таразға ұшып жеткен Саматтың досы, қоғам мен медиадағы белсенді азамат Айдар Қырықбайұлы құрметті қонақтар қатарына қосылды. Дос деп осындай жігітті айт! (Айтпақшы, Айдар – қазақтың классик ақыны Ғали Ормановтың туған жиені). Мейрамханадан түстеніп алған соң облыстық орталық ғылыми кітапханаға ат басын бұрдық. Мұнда мерейтой иесі Самат Серікбайұлының шығармашылығына сырттай да, іштей де қанық жерлестері – жергілікті шығармашылық қауым өкілдерімен, студент жастармен бас қостық, пікірлестік, ақжарыла әңгімелестік.

  Керемет ұйымдастырушы, кітапхана директоры Эльмира Елеусізқызы біздің Сәкеңмен құрдас болып шығуы әзіл-қалжыңымызды жарастырып жібергендей. Тараздық жастардың бас-аяғы бір жарым сағатқа созылған жүздесуде тырп етпей, зиялы сөзді ынтызарлықпен ұйып тыңдауларынан тәрбиелік, шығармашылық адамға деген құрметті түйсіндік. Салтанатты мәдени мекемеге бас сұққанда көне Тараздың көркем көмбесіне тап болдық. Ал кітапхананың мәжіліс залында туған жерге туын тіккен әріптесіміздің фотоальбомдарымен жайнаған көрмені көрдік. Суреттер сөйлеп тұрғандай. Самат Құсайыновтың «Сарысудың сырлы суреті», «Сарысу – саялы мекенім», «Мерейлі Мойынқұм» фотоальбомдарына оқырмандар сүйсіне қарап тұрды.

  Келелі кездесудің беташары Саматтың рухани көкесі, сол сәтте алыста сапарлап жүрген қазақ өнерінің корифейі, кино және театр қайраткері, Халық артисі Асанәлі Әшімұлының құттықтау бейнекөрсетілімімен басталды. Асекең Самат баласына жүрекжарды тілегін арнап, шығармашылық табыс тілеп қана қоймай, алда өзінен бір фотоальбом күтетінін айтып, базынасын да білдірді. Өмірде өте қарапайым болса да, өнерде тым талғампаз АS-актердің талантты танып, өнерін ризалықпен бағалап, қолқа салуын түсіндік. Салтанат соңына таман «Алатау Ақпарат» пен «Әулие Ата» медиахолдингтері арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

  Шығармашылық кеш кезінде облыс, аудан әкімшілігінің қоғамдық даму басқармасының қызметкерлері, бұрынырақ аймақтағы Сарысу ауданын басқарған, облыс басқармаларында жауапты қызмет атқарған Болат Мәдікенов, өңірдегі ақпарат саласының майталманы, жазушы Жаңабай Миллионов, «Әулие Ата» медиахолдингінің бас директоры Данияр Асқарұлы, т.б. облыстық, аудандық басылым басшылары, ақпарат, өнер мен мәдениетпен біте қайнасқан біраз азаматтар, Самат Серікбайұлының әріптестері мерейтой иесін құттықтап, ой-пікірлерін ортаға салды. Шығармашылық басқосу шағында фотоөнерінен парасат-пайымы сезіліп, суреттері сыр шертіп, сөйлеп қоя беретін әріптесіміз Самат ініміздің еңбегі сіңген Алатаудың баурайында ғана емес, кіндік қаны тамған Қаратаудың қырқасында да биік беделге ие екенін аңдадық.

  Шығармашылық кештен кейін алматылық қонақтарды Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбеков қарсы алып, мейрамханадағы дастарханнан дәм татқызып, қазақы қалыппен иығымызға шапан жапты. Міне, қызметі қарбалас, шаруасы шаш-етектен болса да, бір сәтке туған өлкесінің талантты шығармашылық адамын ардақтай келген азамат.

  Айта кетерлігі, Қанат Қайшыбекұлы – кезінде біздің Саматтың туған аумағы – Сарысу, көршілес Талас ауданын, облыстық әкімдіктің салалық қызметтерін абыройлы басқарған азамат. Бір ауданды басқарып, елден алғыс ала алмай жүргендер де бар, ал Қанатбек мырза екі ауданды ойдағыдай басқарып, бүкіл елдің ризашылығын алды. Жолдарды тақтайдай етіп салып шықты. Сол кезде ғой, көлемі шағындау боп шыққан аумақ фотоальбомды кеңейтіп, «Сарысу – саялы мекенім» атты ауқымды фотоальбомды шығаруға сеп болғаны, демеушілік еткені. «Батаменен ел көгерер» деген сол. Елін сүйген, туған өлкенің қадірін түсінген азаматтар сөйтеді.

  Тіпті, жанынан белгілі жыршы, мәдениет саласының майталманы Берік Жүсіповті көргенде, талант талантты алыстан танитынына көз жеткізгендей болдық. Тараздан соң Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласына жорттық.

  Аудан орталығына жақын орналасқан Саматтың бауыры Жомарттың үйіне тоқтап, дәм таттық та қонақүйге беттедік. Дәл осы шаңыраққа алыстан келген қонақтарға, аудан әкімі Сәкен Мамытовтың өзі арнайы сәлем бере келуі елағасының көрегенділігін көрсетіп, көңілімізді көтеріп тастады. Мұны да туған өлкесінің таланты төл перезентіне деген құрмет деп білдік. Бұл шаңырақта Саматтың анасымен қауыштық.  Жетпістің жетеуіне жеткен апамыз соңғы кездегі кезекті отадан соң қос жанары суалса да, бізге мол мейірімін төгіп тұрды. Алтын балдағы жалтылдап, фотомылтығы найзағайдай жарқылдаған жайраң   қалпына қалуы – көз алдында көлбеңдеп жүргенінің асыл анасының арқасы. 

  Жер басып жүрген жарты ғасырлық ғұмырының отыз жылын Алматыда өткізіп жатқан Сәкең бал шырынды алмасымен аты шыққан шаһардың шырайын шығарып, қалалық  басылымда нешеме шедевр дүние – фотосуретті жарқ еткізді. Алматының өзінде ғана емес, бұл қалаға алыс-жақыннан ағылған талай талантты нысанаға алып, танымал тұлғалар галереясын да жасады, шаһардың ондаған керемет фотоколладжын,  жүздеген көркем фотопейзажын жасады.

  Қызметтесіміз Самат осы аймақтың Сарысу ауданының тумасы. Дәлірек айтқанда, аудан орталығы Жаңатас қаласының іргесіндегі Жаңарық ауылында орта мектепті бітірген. «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» Алматы қалалық басылымында – «Алматы ақшамы» газетінде табан аудармай жиырма жыл еңбек етті. Бүгінде қалалық бұл газет «Алатау Ақпарат» медиахолдингіне қарасты екі газеттің бірі де бірегейі.

  Самат «Жаңарық» ауылындағы өзі оқыған мектепке барып, сүйікті білім ошағында жас ұландармен шүйіркелесті. Жас өрендермен ойын жарыстырып, келешекке жігерлендіріп, талаптарына нұр жаудырғандай. Ұстаз қауымға – мың алғыс! Бізге Сарысудың сырлы суреті ұнады. Бір қарағанда, даласы кең жазық көрінгенімен, оның да жазира жайлауы, ой-қыры, бел-белесі, шырайлы шатқалдары аз емес екен.

  Бұрынғы аудан орталығы Саудакент елді мекеніне сапарымызда қылқобыздағы құдіретімен күллі дүниені күңіретіп, күй сарынынан сансыз сыр аңғартқан Даланың даңғайыр дауылпазы Ықылас Дүкенұлының мемориалдық кешеніне барып, ұлы күйшінің рухына тағзым еттік, сонау қоқандықтар билеген XVIII-XIX ғасырларда халқының қамын жеген Шоқай датқаның мазарына барып, Құран бағыштадық. Тіпті, осы жолы аудан аумағынан шығандап, көршілес Созақ аумағындағы Баба Шашты Түкті Әзиздің кесенесіне қарай жол тартып, аруақты әулие баба бейіті басына барып тәу етіп қайттық.

  Аймақтың бұл төңірегі тақтайдай тегіс. Мұнда да болса, облыстық күрежол, ауданаралық тасжолдардың талапқа сай болуына бір кездері ауылы аралас, қойы қоралас қос ауданды (Талас пен Сарысу) басқарған, бүгінде облыстағы басшылық қызметтегі Қанатбек Қайшыбекұлының қолтаңбасы бар. Бір тұста Ысты бабаның ескерткішінің жанынан өттік.

  Таңқаларлығы, осы жотаның жанынан өте бере, өкпек жел тыйыла қалғанын байқадым. Арлы-берлі өткенде аңдағаным осы. Еңселі монументтің тұғырындағы батырдың қолындағы шошақ найза маған ерекше әсер етті. Сол найза біздің әріптесіміз Саматтың қолындағы фотоаппараттай боп елестеп кеткені бар. Дәлірек айтқанда, фотомылтық. Сұрмерген Самат Серікбайұлы сол ақ берен фотомылтығын дәлдеп көздеп, нысанаға дөп тигізе берсін деп тіледік.

  Әріптесіміз Самат Серікбайұлының 50 жылдық мерейтойын ұйымдастыруға атсалысқаны үшін Сарысу ауданының әкімдігіне, аудан әкімі Сәкен Мамытовқа алғыс айтамыз.

 

Айнабай МӘДИ

 «AQSHAM». - 2024. – 13 қыркүйек  (№76-77). – 20б.

Яндекс.Метрика