Кітапханалардағы цифрландыру ісі қалай жүзеге асуда?
Өркениет өріне құлаш сермеген еліміз цифрландыру үдерісіне баса назар аударуда. Тіпті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаңа Жолдауының өзегі де заманауи технологияны қоғамдық қатынастардың барлық саласына енгізуге негізделген. Міне, осы бағытта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданып, жүзеге аса бастады. Расында да, цифрлық технологияның уақытты тиімді пайдалануға, істі ілгерілетуге көп көмегі тиетінін күнделікті өмірде көріп те жүрміз. Ал, электронды кітапхананың мүмкіндігін біз қаншалықты пайдаланып жатырмыз?
Соңғы кездері «Жастар кітап оқымайды» дегенді жиі айтамыз. Өскелең ұрпақтың алтын уақытын кітапқа арнағаннан гөрі компьютер мен ұялы телефонға көп бөлетініне алаңдадық. Енді, кітапты жастарға өздері қалаған техника тілімен жеткізу мүмкіндігі туды. Тіпті, әркім оқығысы келген кітабын аудио кітапхана арқылы мәнерлеп оқылған таспадан тыңдай да алады. Электронды кітапхананың көп көмегін, әсіресе білім іздеген студенттер көруде. Қазір барлық оқу орындарының кітапханалары электронды нұсқаға көшкен. Студенттер бұрынғыдай сөрелерден кітапты іздеп, оны парақтап, қажетті тақырыбын үздіге іздемейді. Электронды түрде арнайы базаға кіріп, кітаптың аты мен авторын жазса өзі-ақ алдынан шығады.
Кітапхана жұмысындағы ұтымды істі облысымызда алғашқылардың бірі болып М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті қолға алды. Қазір бұл университет республикалық жоғары оқу орындарының электронды кітапханасының ортақ желісіне қосылған. ТарМУ-дің 9 оқу ғимаратында және 2 жатақханасында ғылыми кітапхана дәстүрлі және электронды режимде жұмыс істейді. Бұл жөнінде аталмыш оқу орнындағы кітапханалық-ақпараттық орталықтың директоры Гүлжан Ержанова тарқата айтып берді.
– Кітапханамыздағы материалдарды электронды жүйеге көшіру арқылы студенттердің, жалпы жастардың іздеген оқулығын жылдам тауып, оқуына мүмкіндік туып отыр. Электронды кітапхананың дәстүрліден тағы бір тиімділігі – кітаптардың жарыққа жылдам шығуында. Құжаттар мен оқулықтарды электронды жүйеге көшіруді алғаш 2001 жылы бастағанымызбен, электронды кітапханаға қосылу кейінірек нақты жүзеге асты. 2002-2003 жылдар аралығында «Еуразия қоры» жобасы іске асты. Сол қор бізді қаржыландырып, тегін интернетке қосты. Компьютерлер мен сервер қойылып, кітапхананың сайты жаңартылды. Электронды түрде әр түрлі қызметтер көрсетіле бастады. Кейін кітапханадағы құжаттарды электронды жөнелту қызметіне қол жеткіздік. Сол қызмет бүгінге дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ, – дейді орталық директоры Гүлжан Жеңісбекқызы. Оның айтуынша, әлемнің кезкелген кітапханасында бұрыннан қорда жатқан классикалық оқулықтарды осындай үлкен университет кітапханаларынан табуға болады.
– Біз Назарбаев университетімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Олардың қоры 80 пайыз электронды түрде, 20 пайызы ғана дәстүрлі кітапхана. Жалпы, Қазақстан бойынша 2009 жылы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жоғары оқу орындарының электронды кітапханасы құрылған. Бүгінде жоғары оқу орындарының 81 кітапханасы сол электронды кітапханаға өзінің ресурстарын экспорт, импорт режимінде береді және пайдаланады. Ол сыртқы IP address арқылы жүзеге асады. Ондағы ресурстарды біздің университет ішінде ғана пайдалануға, жүктеуге мүмкіндік бар. Әр оқу орнының ай сайын ресурс беріп тұруға тиісті нормативі, нұсқаулығы бекітілген. Сол бойынша жұмыс істеудеміз. Желіге 2020 жылға дейін тегін қосылу мүмкіндігін Тараз мемлекеттік университеті де иеленді. Яғни, біздің оқырмандарымыз электронды кітапхананың ресурстарын тегін пайдалана алады. Сонымен қатар, университеттегі ғалымдардың еңбектері, оқулықтары аталған электронды кітапханаға енгізіліп, бүкіл елге таратылуда, танылуда. Университет студенттерінің ешқандай ғаламтордың көмегінсіз-ақ кітапханаға келіп, арнайы базаға компьютермен ену арқылы іздеген материалын лезде тауып, оқуына кедергі жоқ, – дейді Гүлжан Ержанова.
Кітапханалық-ақпараттық орталық 1981 жылдан бері өңіріміздегі жоғары және арнаулы оқу орындарына әдістемелік көмек көрсетіп келеді. Гүлжан Ержанова «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті қызметін де атқара отырып, кітапхана ісін заманауи талапқа сай жаңғырту мақсатында да жұмыс істеуде. Мысалы, жақында облыс басшылығына ашық электронды кітапхана құру жобасын ұсынған. Келешекте жиындық корпоративтік католог құруды мақсат етіп отыр. Ол оқырманға ыңғайлы болу үшін «Жамбыл облысының ғалымдары», «Жамбыл облысының ақын-жазушылары» сияқты алты түрлі контентпен жасалынбақ.
Ал, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің кітапханасы дәстүрлі кітап қоры мен басылымдарды көшіріп, электронды ресурс қорын әзірлеуде. Университеттің ақпараттық-кітапханалық орталығының директоры Амангүл Өзбекованың айтуынша, мұндағы барлық оқулықтар мен көркем әдебиеттер электронды нұсқаға көшіріліп, арнайы базаға жүйеленіп, енгізіледі. Сол арқылы студенттер өзіне керекті материалын компьютер арқылы тауып, пайдаланады. Республика бойынша университеттің электронды каталогы болмағанымен студенттері үшін бүгінгі уақыт талабына лайықты жағдай жасалынған.
«Жақсы кітап – жан азығы» дейді халық даналығы. Расында да, кітап қана адам үшін айнымас ақылшы, ой-өрісін кеңейтер сенімді досы бола алады. Жас ұрпақ осындай асыл қазынадан қол үзбес үшін өрімтал буынның сұранысына лайықты кітаптар да цифрлық жүйеге көшірілуде. Бұл уақытты тиімді пайдалануға, іздегенін лезде табуға қолайлылық туғызуда. Облысымыздағы Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы – әулиеаталықтар үшін сарқылмас қазына мекені. Мұнда 10 мыңға жуық сирек кездесетін кітаптар қоры жинақталған. Кітапхана қызметінде жаңа технологияларды пайдалану жұмыстары жандана түсуде. Бүгінде кітап қорындағы 241 283 басылымның 215 233 данасы библиографиялық деректерге енгізілген. Ал, биыл кітап қорын «Республикалық автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе» (РАКАЖ) бағдарламасына енгізу жоспарлануда.
Жалпы, кітапхана процестерін автоматтандыру, яғни, кітап қорындағы әдебиеттерді республикалық автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе «РАКАЖ» (РАБИС) бағдарламасына енгізу 2005 жылдан басталған.
– Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласының 18-ші тапсырмасында Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын ұлғайтуды қамтамасыз ету жоспарын әзірлеу міндеті жүктелген болатын. Осы мақсатта Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы 26 жергілікті ақын-жазушылармен авторлық келісімшартқа қол қойып, 49 шығарманың электрондық көшірмелері жасалды. Аталмыш келісімшарт арқылы біздің кітапхана өнер, ғылым және әдебиет туындыларын пайдалану құқығына ие болды. Яғни, авторлық құқықтың бірден бір әрі толық құқылы иесі бола отырып, жергілікті ақын-жазушылар өз туындыларының сканерлеу жолымен жасалған электронды көшірмелерін дайындау және ОӘҒК-ның электронды депозитарийіндегі е-көшірмелерді тұрақты сақтау құқығын бізге берді. Сөйтіп, біздің кітапхана мәліметті жалпыға бірдей жеткізу қызметіне қол жеткізіп, туындылардың электронды көшірмелерін пайдаланушыларға ұсыну мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар, біз өз тарапымыздан туындының дайындалған электронды көшірмелерінде мәтіннің өзгеріссіз сақталуын қамтуға, сканерлеу процесінде түпнұсқаға зиян келтірілмейтіндей етіп жағдай жасауға, автордың туындыларын пайдалану барысында оның жеке мүліктік және мүліктік емес құқықтарын бұзбауға, кітапханада және қашықтық режимде авторларға басым ақпараттық-библиографиялық қызметтерді ұсынуға міндеттеме алып отырмыз. Осындай келісімшарт мысалы, Айша Көпжасарованың «Тал бесігім – Таразым», Арғынбай Бекбосынның «Заманалар жаңғырығы», Әлдихан Қалдыбаевтың «Мен апамның баласымын», Елен Әлімжаннің «Оралу», Эра Орманованың «Имандылық ғасыры», сондай-ақ Б.Бекжан, Б.Төлентаев, Ш.Мамасерікова, Б.Ахмет, Ғ.Әлімбекқызы және тағы басқа авторлардың түрлі туындылары бойынша жасалынды, – дейді кітапхана директоры Эльмира Әбдинова.
Сондай-ақ, кітапханада өңір тұрғындарының жинақталған материалдарға қолжетімділігін кеңейту мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Мысалы, өз пайдаланушыларына мультимедиялық қызметтерді көрсету, кітапхана қызметіне цифрлық технологияларды енгізу және дамыту, сонымен қатар кітап қорларын цифрландыру деңгейін көтеру кітапхана саласының негізгі бағыттары болып табылады. Сканерлеу технологиясын жасауға, цифрланған бейнені өңдеуге, оны сақтауға және кітапхана пайдаланушыларына электронды көшірмелердің қолжетімділігін ұйымдастыруға уақыт қажет. Осы бағытта атап айтарлықтай жұмыстар жүргізілген.
– Кітапханамыз 2012 жылдан бастап, кітаптарды цифрлау жұмыстарын қолға алған болатын. Ерекше құнды басылған шығармалардан, бірегей кітап коллекцияларынан тұратын сирек кездесетін кітаптар қоры бар. Кітапханамызда «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрлау» жобасы аясында кітаптардың электронды нұсқасы жасалынуда. Бүгінгі таңда цифрланған басылымдар саны 5 461 данаға жетті. Толық мәтінді дерекқор негізінде құрылған «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» жобасы аясында цифрлық ресурстар жинақталып, оларға еркін қол жеткізу жұмыстары жүргізіліп келеді. Аталмыш ақпараттық толық мәтінді дерекқорда Жамбыл облысы, Тараз қаласы және аудандар тарихы, аймақта әр жылдары болған оқиғалар, өңірдің дамуына айтулы үлес қосқан адамдардың тағдыры туралы материалдар жинақталған. Атап айтсақ, жоба аясында кітапхана қызметкерлері жергілікті мерзімді басылымдар беттерінде әр жылдары жарық көрген Жамбыл облысының тарихи, мәдени ескерткіштері, өңірден шыққан тұғыры биік тұлғалар, ҰОС мен Ауған соғысының ардагерлері, ақын-жазушылар тақырыптары бойынша ізденген материалдарын цифрлап, жинақтап келеді. Осы жоба қолдау тапқан уақыттан бастап өлкетану құжаттарын цифрлау жұмысы кітапханамызда қарқынды жүргізілуде. Цифрланған құжаттар көшірмелері кітапхананың серверінде сақталынып орналасқан. Бүгінде толық мәтінді 1 200 өлкетану бағытындағы құжат бар, – дейді кітапхана директоры Э.Әбдинова.
Аталмыш кітапхана мемлекетіміздің мәдени саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында оқырмандарын облыс басылымдарындағы жинақталған жаңа деректермен ақпараттандыруды да жүргізіп отыр. Осы орайда руханият ордасы облыстағы мерзімді басылымдарды электрондық форматқа көшіретін «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобасын бастады. Бұл жоба аясында
11 000 дана мерзімді басылымдар цифрланыпты.
Үздіксіз жүргізіліп жатқан жұмыстар жаңа уақыт сұранысына лайықты қызмет сапасын арттыруды көздейді. Мұның бәрі де кемел келешек үшін жасалып жатқан келісті тірліктер екендігі сөзсіз.
Қамар Қарасаева
Арай. - 2018. – 1 ақпан (№5). – 12 б.