Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

«Қалықтап ақ қанат ақ қар...»

    Ақын өзі өмірден көріп, көкейіне түйгенін көркем сөзбен кестелеп, өзгелер тәлім алуы үшін өлең жазып, рухани құндылықты арттырады. Мағынасы терең, өрнекті өлеңді жан азығы десек, артық емес. Себебі, ол адамгершілік пен шыншылдықтың, әділеттілік пен адалдықтың негізін қалайды. Сонысымен қаламгерді тәрбиеші, ұстаз десе де болғандай. Дәл осындай қазақ әдебиетіне мәні биік өлеңдерін берген ақын Кәріпжан Нүсіп өмірден өзі өткен соң артында қалған шығармалары насихатталмай, есімі де ескерілмей қалды. Осы олқылықты ескеріп, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ақынның шығармашылығына арнап «Өнер шыңын ешбір жан құлата алмас...» атты поэзия кешін ұйымдастырды.

    Қазақстандық және өлкелік шығармаларды өңір тұрғындары арасында кеңінен таныту, кітап оқуды ілгерілету, жергілікті ақын-жазушылар шығармашылығы мен олардың туындыларын жастар мен қалың жұртшылық арасында насихаттау мақсатында өткен поэзия кешіне ақынның ұл-қыздары келіп, құнды кітаптарын кітапханаға тапсырды.

    Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы Кәріпжан Нүсіп ақын ғана емес, өткір тілді журналист ретінде де танылды. Аудандық «Құлан таңы» газетінде 40 жыл журналистік қызмет атқарып, фельетондарымен, сыни мақалаларымен қоғамның о сал тұстарын көрсете білді. Оның:

«Оқырман қауым қызығар,

Айтары болса ақынның,

Өзіндік өшпес ізі бар,

Жыр жазып келе жатырмын.

Ерлікпен алға аттаған,

Дей алман өзім батырмын.

Кей досқа тіпті жақпаған,

Тікенек тілді ақынмын», деген өлеңінің бір шумағынан-ақ оның әділін айтуда тайсалмаған қайсарлығын байқауға болады.

Тағы бір өлеңінде Кәріпжан Нүсіп:

«Ауырлықтан жасқанып,

Жалқаудай, сірә қаша алман.

Қара ниет жауыма,

Қарсы тұрып қасарғам.

Арманы – асқақ, тілеулес,

Көңілін көптің баса алман.

Адамға бақыт сыйлаған,

    Өмірді сүйем жасарған», – деген шумағынан мақс атшылдықтың, еңбекқорлық пен адалдықтың лебі еседі. Ол өзінің өнерге деген адалдығын көзі тірісінде тәрбиелеген шәкірттерімен де көрсетті. Осы кеште ақын туралы естелік айтқан көзкөргендері мен шәкірттері оның жазу өнеріне тиянақты және қолынан келген көмегін аямайтын жанашыр болған адамгершілігінен сыр тарқатты. Осы кешке Астана қаласынан келген ұлы Нұрдәулет Нүсіпов, қыздары Гүлназым Атабаева, Айназым Намазбаева әкесі жайлы ой толғаныстарын жеткізсе, қарындасы Күміс Нүсіпқызы бауырына деген сағынышымен жиналған жұртты тебірентті.

    – Әкеміздің шығармашылығына арналып, алғаш рет өткізілген бұл кеш ерекше әсер сыйлады. Әкеміз Т.Рысқұлов ауданының Қорағаты совхозында өмірге келіп, аудандық газетте ұзақ уақыт еңбек етті, жазу ө н еріне көптеген шәкірт тәрбиеледі, түрлі т ақырыпт а өлеңдер жазды. Шығармаларын жинақтап, ұлы Нұрдәулет 4 кітабын жарыққа шығарды. Сол кітаптарын бүгін кітапхана қорына тапсырдық. Әлі жарық көрмеген тағы бір жинағы дайын тұр. Келесі жылы әкемнің туғанына 85 жыл толады, мүмкін осы мерей тойына орай жаңа жинағы басылып шығып, қалың оқырманға жетсе деген тілегіміз бар, – дейді қызы Гүлназым Атабаева.

    – Кәріпжан Нүсіппен бала күннен бірге өстік. Өте өжет кісі еді. Өмірін поэзиямен байланыстырып, талай тамаша туынды жазды. Өйткені, ол туып-өскен Құлан қазақ әдебиетіне өз қолтаңбасын қалдырған тұлғаларды түлетіп шығарған мекен. Бұл да сол ортада жүрді. Совхозда механизатор да болды. Кейінірек аудандық газетке жұмысқа тұрып, фельетондар жазды. Ауылдың жайын жазды. Ақындарсыз, мәдениет қызметкерлерінсіз халық тұл. Кәріпжан Нүсіптің шығармалары ойлы оқырманның көңіліне сәуле түсірері сөзсіз, – деді ардагер журналист Қаржаубай Сыдықназаров.

    Алматы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің № 32 бөлімшесінің кітапханашысы, Кәріпжан Нүсіптің шәкірті, қаламгер Айжамал Жолдасқызы ұстазының шығармашылық кеші туған жерінен бастау алып, ары қарай өнер ордасы Алматы қаласында жалғастырсақ деген жоспарын айтты.

    – Әрбір адам үшін өзінің туып- өскен ауылындағы ағайынның орт асында еңбегінің еленгені – үлкен жетістік. Біз шәкірттері болып ақылдасып, ұстазымыздың шығармашылық кешін өткізуді біраз уақыттан бері жоспарлап жүр едік, алайда алдымен туған жерінен бастау алса деп Т.Рысқұлов ауданынан күттік. Облыстық кітапхана өте жоғары деңгейде поэзия кешін ұйымдастырып, бәрімізді марқайтты. Ақын Кәріпжан Нүсіптің тәрбиелік мағынасы зор өлеңдері мектеп оқулықтарына енгізілсе, болашақтың тұтқасын ұстар жастар оқып өссе, ұрпақ тәрбиесіне де, қазақ әдебиетін дамытуда да үлкен олжа болар еді, – деді Айжамал Жолдасқызы.

    Ақынның сазгер Дүйсенәлі Бықыбаевпен бірлесіп жазған «Біз екеуміз» өлеңін Мэлс Өзбеков атындағы Т.Рысқұлов аудандық мәдениет үйінің әншісі Нұрлан Әмірбетов шырқап, кештің ажарын ашты. Осы басқосуда облыстық мәдениет, спорт, туризм қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы, композитор, «Құрмет» орденінің иегері Дүйсенәлі Дыбысалыұлы ұмытылып бара жатқан тұлғаның есімін қайта жаңғыртқан поэзия кешін ұйымдастыруға ұйытқы болған шәкірттеріне және кітапхана ұжымына алғысын білдірді.

    Ақынның туған жері Т.Рысқұлов ауданынан кітапханашылар арнайы бұрыш әзірлеп, Құлан ауылындағы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектебінің оқушылары Кәріпжан Нүсіптің өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Т.Рысқұлов аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблінің жетекшісі, әнші, сазгер Рысбек Қадірқұлов ақынның «Серіктесіп жүрейік» атты өлеңіне өзі жазған әнін орындады.

    Бұл кеште ақынның өлеңдері кітапханашылардың, оқушылардың мәнерлеп оқуымен, әншілердің әуелете шырқауымен орындалды. Осы тұста Кәріпжан Нүсіптің өлеңдері мектеп оқулықтарына енгізіліп, әдебиетті ғылыми тұрғыда зерттеушілер тарапынан шығармашылығын зерттеп, кеңінен танытса екен деген үлкен тілек барын да айта кеткен жөн.

Қамар ҚАРАСАЕВА

«AQ - JOL». - 2024. – 16 қараша  (№132). – 8б.

Яндекс.Метрика