Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

ӨЛЕҢІ ӨНЕГЕЛІ ӨКІМ АҚЫН

    Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Ел болып оқимыз» жобасы аясында ақын Өкім Жайлауовтың 95 жылдығына орай оның шығармашылығына арналған әдеби кеш ұйымдастырылды. Оған ақынның туыстары, өкшелес інілері мен кітапхана оқырмандары қатысты.

    Кешті кітапхана қызметкері Ерман Әбдиев ашып, жүргізді. Ол алдымен ақынның өмір жолымен таныстырды. Өкім Жайлауов 1929 жылы 21 желтоқсанда Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің тіл әдебиет бөлімін бітірген.      Республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), облыстық «Еңбек туы», өлкелік «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде, Жамбыл облыстық радио хабарларын тарату комитетінде, республикалық «Білім және еңбек», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарында тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1971-1981 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясының тіл және әдебиет редакциясында аға ғылыми редактор болды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Шәкірт ойы» 1958 жылы жарық көрсе, содан бері «Жасыл бақша», «Шопан даусы», «Жарқын жаз», «Арай», «Күміс жаңбыр», «Соны соқпақ», «Шұғылалы шақ», «Дархан дала», «Мезгіл бояулары», «Шартараптан шарапат», тағы басқа жыр кітаптары жарық көрген.

    Ақынның көзкөрген інісі, журналист Болат Жаппаров өз естеліктерімен бөлісті. «Өкім Жайлауов қазақ поэзиясына және мәдениетін насихаттауға өлшеусіз үлес қосқан азаматтың бірі. Ол дүниеге келген Үшарал топырағынан талай ақын-жазушылар дүниеге келсе, солардың басым бөлігі Өкім ағамызды өздеріне ұстаз тұтады. Солардың қатарында Күләш Ахметова да бар. Оның шығармаларының тілі жеңіл, өлеңдеріне негізінен туған жер, Отан тақырыптарын арқау етіп алған. Жастарға, жас оқырмандарға берер тәлім-тәрбиесі мол», – дейді Болат Жаппаров.

    «Өлеңді өзі үшін жазбайды, ақын – елі үшін жазады» деген ақынның інісі, еңбек ардагері Әбдімажит Абсаттаров аға мен іні арасындағы жылы қарым-қатынасты сағынышпен еске алып, әсерлі етіп айтып берді. Ал, ақынның немере інісі Малтабар Жаманбаев шығарма иесінің балажан, өте қарапайым адам болғанын айтты.

    – Ағамыз қандай қызметте жүрсе де, аудан басшылары алдынан шығып, үлкен қошемет көрсетіп жатса да өзінің қарапайымдылығынан танған емес. Көшеде асық ойнап жатсақ, бізбен бірге асық ойнап кететін. Өзін үлкен кісімін, ақынмын деп кеуде кергенін көрген емеспін. Біз де ол кісінің мақалаларын қызыға оқитынбыз. Ол кісі жұмыс істеген газет-журналдарға ағайындардың бәрі жазылатын. Бір-бірімізден қалмай жазғандарын қалт жібермей оқитынбыз. Ең бастысы, басылым бетінен біз ең алдымен ағамыздың есімін іздеуші едік. Біздің кітап құмар болып өсуімізге сол кісі себеп болды деп білемін. Жалпы ол кісі бала мінезді еді, – деп еске алады немере інісі.

    Кеш барысында ақынның туысы Мамырлан Қонысов та жылы естеліктерімен бөлісті. Ал, Өкім Жайлауов 1953-1967 жылдары жұмыс істеген бұрынғы «Еңбек туы» қазіргі «Aq jol» газетінің аға тілшісі Марат Құлибаев газет ардагерлерінің өңір басылымына қосқан үлесіне тоқталды. Кештің әсерлі өтуіне кітапхана қызметкерлері де үлес қосты. Әннен шашу шашып, ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, кештің шырайын аша түсті.

 

Диас ҚҰЛИБАЙ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті.

«AQ - JOL». - 2024. – 5 желтоқсан (№140). - 8б.

 

Яндекс.Метрика