Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Жазушымен бір күн» жобасы аясында өмірден өткен жергілікті қаламгерлердің шығармаларын оқырмандар арасында кеңінен насихаттауға басымдық беріп отыр.
Пешенеге жазылған ғұмырында туған жері Тұрар Рысқұлов ауданынан іргесін алыстатпаған қаламгер Кәріпжан Нүсіптің шығармашылығы да кітапхана қызметкерлерінің назарынан тыс қалған жоқ. Тірісінде «Сырсандық», «Өмір өрнектері» секілді жыр-жинақтарымен оқырман жүрегіне жол тапқан Кәрекеңнің «Балаларға байғазы» атты жинағы сан түрлі жанрға толы. Бұл кітаптағы жаңылтпаштар, анаграммалар, жұмбақтар және өзге туындыларды жергілікті білім бөлімінің басшылары мектептегі балалардың санасына сіңіруге ықпал етті. Ал «Өнер деген өлке бар» атты прозалық жинағында туған жерден түлеп ұшқан таланттар туралы кеңінен толғанған.
Алатау баурайындағы Алматыда жоғары білім алса да, 44 жыл бойы аудандық «Құлан таңы» газетінде үзіліссіз еңбек еткен қаламгер шығармашылығына арналған «Өнер шыңын ешбір жан құлата алмас» атты поэзия кешіне ақынның жерлестері, шәкірттері, қаламгерлер, бауырлары, мектеп оқушылары арнайы қатысты.
Іс-шара барысында сөз алған Кәріпжан Нүсіптің ұл-қыздары Нұрдәулет Нүсіпов, Гүлназым Атабаева, Айназым Намазбаева және қарындасы Нұрша Нүсіпова, жергілікті телеарнаның ардагері, ұзақ жылдар бойы бас режиссер қызметін атқарған ақынның жиені Қаржаубай Сыдықназаров, композитор Дүйсенәлі Бықыбаев қаламгердің өнегеге толы өмірі туралы естелік айтты. Алматыдан және өзге өңірлерден келген қаламгерлер мен Кәрекеңнің шәкірттері де өз естеліктерімен бөлісті.
Әдеби кешке қаламгердің туған жерінен келген Тұрар Рысқұлов аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері де атсалысты. Өрелі өлең, әдемі әндермен әдіптелген кеш барысында ақынның сөзіне жазылған «Біз екеуміз», «Серіктесіп жүрейік» секілді шығармалар шырқалды. Ал Әлихан Бөкейханов атындағы гимназияның оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Табиғат Мұсылманқұл,
«Егемен Қазақстан». - 2024. - 7 желтоқсан (№238). - 16б.