Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

КІТАПХАНАЛАР – РУХАНИЯТ ОРДАСЫ

    Облыста кітапхана ісін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинованың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында осы салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен баяндалды.

    Бүгінде облыста 275 мемлекеттік кітапхана тұрғындарға ақпараттық-мәдени қызмет көрсетуде. Өңірдегі кітап қоры да жыл сайын толығып келеді. 2025 жылдың екі айындағы есеп бойынша, жалпы кітап қоры 3 832 466 данаға жеткен. Қор негізінен қоғамдық-саяси, филология, тіл білімі ғылымдарына қатысты басылымдар мен көркем әдебиеттерден тұрады.

    – Кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Бүгінде 275 кітапхананың 274-і интернет желісіне қосылған. Мойынқұм ауданы, Сарыөзек ауылдық кітапханасына техникалық себептерге байланысты интернет қосылмаған. Барлық кітапханалар компьютермен жабдықталған. Сонымен қатар, Web-РАБИС, РАБИС, RWБИС, АИС-СБРК, КАБИС бағдарламасының «Каталогтаушы» модулі негізінде цифрландыру жұмыстары жүйелі жүзеге асырылуда. Облыс кітапханалары жанынан оқырмандарға ыңғайлы орта қалыптастыру мақсатында бір бродкастинг залы, бір релакс-аймақ, бір білім алаңы және 29 коворкинг орталығы жұмыс істейді. 2024 жылы Тараз қалалық №5 кітапханасында, Жуалы ауданы, Рысбек батыр ауылында және Мойынқұм ауданы, Шығанақ ауылында жаңа коворкинг алаңдары ашылды. Кітап оқуды дәріптеу мақсатында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алды. Жоба аясында Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Ел болып оқимыз» іс-шаралар циклі, «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан» облыстық байқауы ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Елі үшін туған ерлер» атты іс-шаралар циклы жоспарланған. 2025 жылдың сәуір-қыркүйек айларында «OPEN LIBRARY – АШЫҚ КІТАПХАНА» жобасы жүзеге аспақ. Жоба аясында «Жазғы оқу саябағы», «Ұлы күнге мың тағзым!» және «Кітапхана – шығармашылық алаңы» атты үш бағытта іс-шаралар өтеді. Биылғы жылдың алғашқы екі айында облыс бойынша 2 288 іс-шара ұйымдастырылып, 71 709 оқырман қамтылды. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында 27 іс-шара өткізіліп, оған 26 651 адам қатысты, – деген Эльмира Елеусізқызы облыстың қаламгерлерін қолдау мақсатында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. 2023 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен 24 жергілікті ақын-жазушының кітабы жарық көріп, тұсаукесер рәсімдері өткен болатын. Бұл басылымдар өңірдегі барлық кітапханаларға таратылған.

    Кітапханалардың заман талабына сай жұмыс істеуі үшін кітапхана мамандарының біліктілігін арттыруға да баса назар аударылуда. «Комплектатор», «Библиография» шеберлік сыныптары мен тренингтер тұрақты өткізіледі. Сонымен бірге, шалғай аудандардағы кітапханаларға кәсіби қолдау көрсету үшін «Өлкелік туризм – кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» атты жоба іске қосылыпты. Жоба аясында 2025 жылы Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас, Қордай, Жуалы аудандарындағы ауылдық кітапханаларда шеберлік сыныптары мен тренингтер ұйымдастырылады.

    – Кітапхана – тек кітап оқитын орын емес, білімнің, мәдениеттің, руханияттың орталығы болуы керек. Біз өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін жаңа жобалар мен заманауи бастамаларды қолға алдық. Кітапхана – жастар үшін жаңа идеялар туындайтын, шығармашылық пен ізденістің орнына айналуы тиіс, – дейді Эльмира Абдинова.

    Жыл сайын облыс кітапханалары оқырмандарға сапалы қызмет көрсету мен кітап оқуды дәріптеу бағытында жаңашыл бастамаларға ден қойып келеді. Заманауи технологияларды енгізу, оқырмандар үшін қолайлы орта қалыптастыру, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру – алдағы маңызды міндеттердің бірі.

 

Айжан ӨЗБЕКОВА

«AR-AI». - 2025. – 28 наурыз  (№23). – 2 б.

Яндекс.Метрика