Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Әлмұхан Исақты еске алуға арналған «Боямасыз болмыс» атты еске алу кеші өтті. Іс-шара «Жазушымен бір күн» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Әлмұхан Исақ – өз дәуірінің шынайы үнін жеткізген, әділдік пен ұлт мүддесін жоғары қойған қайраткер. Еңбек жолында өз ісіне деген тиянақтылығымен, шыншылдығымен, турашылдығымен ерекшеленді. Жоғары лауазымдарда қызмет ете жүріп, ел мүддесін бірінші орынға қойды. Қоғам қайраткерінің еңбектері мен азаматтық ұстанымы ел жадында мәңгі сақталады.
Кездесуге облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, белгілі қаламгер Бақытжан Советұлы қатысты. Қоғам белсенділері кеште өз ойларымен бөлісіп Әлмұхан Исақтың ел үшін атқарған еңбектерін еске алып, оның мұрасын насихаттау керектігін ерекше атап өтті.
Жиын соңында кітапхана қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері жастарды қайраткердің еңбектерін зерттеп, оқуға шақырды.
Кітапхананың бөлім меңгерушісі Мөлдір Оразалиеваның айтуынша, осындай іс-шаралардың өткізілуі – өткенімізді ұмытпауымыздың, тарихымызды құрметтеуіміздің көрінісі.
– Кезінде ұлт үшін аянбай еңбек еткен азаматтарды дәріптеу – әрқайсысымыздың парызымыз. Әлмұхан Исақ сияқты тұлғалардың мұрасын насихаттау арқылы біз жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, олардың бойында елге, қоғамға деген жауапкершілікті қалыптастырамыз. Бұл кеш тек естелік үшін ғана емес, кейінгі буынға үлкен өнеге болатын тағылымды жиын, – дейді М.Оразалиева.
Анар ӘУЕСБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 4-курс студенті
«AR-AI». - 2025. – 28 наурыз (№23). – 2 б.