Қазіргі қоғам ақпараттық және цифрлық дәуірге аяқ басып, барлық салада инновациялық шешімдерге деген сұраныс артып келеді. Осы орайда, кітапхана – тек кітап сақтау орны ғана емес, білім мен мәдениеттің, цифрлық сауаттылықтың, қоғамдық пікір мен шығармашылық идеялардың орталығы ретінде жаңаша қалыптасып келеді.
Кітапхана жұмысының жаңашыл бағыттары мен қазіргі замандағы рөлі – электронды немесе цифрлық коллекциялар жасау жұмыстары, яғни деректі мұралардың сақталу тиімділігін арттыру, басылымдарға қол жеткізуді ұлғайту бағыты бойынша Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Қасиетін жоймаған құнды басылымдар», «Шоқан асулары», жергілікті ақын-жазушылар шығармаларын цифрландыру, «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер», «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобалары бар.
«Шоқан асулары» жобасы аясында 47 дана кітап цифрланды. Кітапхана жергілікті 84 ақын-жазушымен авторлық келісім-шарт жасасу арқылы олардың шығармалары цифрландырылып, 188 кітаптың электронды нұсқалары кітапхана сайтына орналастырылды.
«Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» жобасы аясында бүгінгі күнге дейін дерекқорға газет беттерінде жарияланған түрлі тақырыптар аясында 1970 мақаланың электронды нұсқалары жинақталды. Ал «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобасы аясында дерекқорға 21917 газеттің электронды нұсқалары жинақталды.
«Aulieata library» («Әулиеата кітапханасы») мобильді қосымша атауымен еркін кітап оқу құралы ретінде мобильді қосымшасы 2025 жылдың басынан бері іске қасылды. Қосымшаны өзінің смартфонына жүктеп алған әрбір оқырман қосымшаны пайдаланған кезде басты беті ашылады. Басты бетінде қосымшаға енгізілген кітаптар орналасады.
Бүгінгі күні 26 кітаптың электронды нұсқалары аталмыш қосымшаға енгізілген. Оқырман өзі қалаған кітабын таңдап, «Кітапты оқу» батырмасын басады. Бұл батырманы басқаннан кейін кітапты жүктеу механизмі дереу жүзеге асырылады. Әрі қарай оқырман оқуға ниеттенген кітабын әлі таңдау үстінде болса, жүктелген кітаптың алдыңғы бетін (титульный лист) ашып, онда шығарманың авторы, шығарылған баспасы мен аннотациясымен танысуына болады. Қосымшаның келесі «Менің кітапханам» бөліміне кітап жүктеліп, «Кіру», «Тіл» – тілді таңдауға мүмкіндік беретін функциясы, «Көрсету режимі», «Бөлісу» функциялары да енгізілген. «Менің кітапханам» бөлімінде оқырман кітапты еркін ашып, оқи береді.
Егер оқырман оқыған кітабы жайлы өз пікірін қалдырғысы келсе, онда тіркеліп, өз аккаунтына кіріп, кітапқа пікір қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Жүктелген кітаптарын оқырман қай кезде де әрі қарай еркін оқи береді.
Қазіргі кітапханашы – тек кітап беріп қана қоймай, ақпараттық кеңес беретін, цифрлық құралдарды меңгерген маман. Олар оқырманға дерек іздеуде, дереккөздерді дұрыс пайдалануда, плагиатпен күресте көмек береді. Сонымен қатар, олар әлеуметтік желілерде белсенді болып, кітапхананың имиджін қалыптастырады. Кітапхана заманауи оқырманды тарту үшін түрлі форматтағы шараларды, атап айтқанда кітаптар көрмесі мен шолу кештері, жазушылармен кездесулер, оқырман клубтары мен әдеби дебаттар, коворкинг және креативті ралакстарды жиі өткізеді.
Мұндай орталар жастарды шығармашылыққа, белсенділікке жетелейді. Кітапхана – өмір бойы білім алу орталығы. Кітапхана – қоғам дамуының айнасы. Заманауи технологиямен қаруланған, жаңа идеялар мен тәсілдерді меңгерген кітапхана – ұлт болашағы үшін маңызды құрал. Кітапхана жұмысының жаңашылдығы – тек технологиямен емес, қоғам сұранысына икемделе білуінде. Алдағы уақытта да кітапхана – рухани және интеллектуалдық дамудың қозғаушы күші бола беретіні сөзсіз.
Гүлбану ЖАКИПБЕКОВА
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі
«AQ - JOL». - 2025. – 31 шілде (№85). - 2б.