Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

ШӘМШІ ӘНДЕРІ СЕЗІМ ҚЫЛЫН ШЕРТТІ

    Облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығында «Қазақ вальсінің королі» атанған көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Шырқала берсін, Шәмші әні!» атты мерекелік кеш өтті.

    Кеш барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері Лаура Бексұлтанова, Дамира Музатова, Әсем Абдуалиева, Ерұлан Бақыт, Нұржігіт Баймұратов, Арайлым Құрымбетова, Ақтөре Орынбасарұлы және Дулат Жасұзақов күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған сыршыл да сырбаз композитордың жүректерге жол тартқан «Өмір – өзен», «Ана туралы жыр», «Әнім сен едің», «Бақыт құшағында», «Теріскей» секілді әсем әндерін орындады. Сондай-ақ орталықтың ем алушылары да шарадан қалыс қалмай, Шәмші әндерінен құралған попурриді ерекше ықыласпен орындап, кештің көркін аша түсті.

    Іс-шараны ұйымдастырған Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Өнер және әдебиеттер» бөлімінің меңгерушісі Сәрсенкүл Жұманова кеш соңында:

    «Шәмші Қалдаяқов – қазақ музыкасының шоқтығы биік тұлғаларының бірі. Оның әрбір әні – ұлт рухын асқақтататын, сезім мен сырға толы жауһар. Шәмші әндері – мәңгілік. Оларды дәріптеу, кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз. Сол себепті осы мерекелік кешті ұйымдастырып, орталықтағы ем алушыларға ән арқылы көңілдеріге шуақ сыйлауды мақсат еттік», – деді.

     Кештен ерекше әсер алған орталықта ем алып жатқан Меркі ауданының зейнеткер-ұстазы Манат Абдрешева өз ойын былай жеткізді:

    «Мен ұстаздық жолда жүрген жылдарымда да, зейнетке шыққаннан кейін де Шәмшінің әндерін шын жүрегіммен жақсы көремін. Бүгінгі кеш мен үшін жанға шуақ, жүрекке жылу сыйлады. Бұл әндермен менің жастық шағым, алғашқы махаббат, өмірдің ең жарқын сәттері еске түсті. Осындай керемет кеш ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысым шексіз», – деді ол.

    Шәмші Қалдаяқов – қазақ эстрадасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, 300- ге жуық әннің авторы. Оның шығармалары тақырыптық және мазмұндық тұрғыда аса ауқымды: Отан, туған жер, махаббат, достық пен адамгершілік сынды мәңгілік құндылықтарды арқау еткен. Композитордың лирикалық туындыларына «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Жарқырайды Жезқазған» секілді нәзік сезімге толы әндер жатады. Ал марштық, қуанышты көңіл сыйлайтын шығармаларының қатарында «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» бар.

    Сондай-ақ көпшіліктің жүрегіне жақын «Қуаныш вальсі», «Қайықта», «Қыз сағынышы», «Әнім сен едің» сияқты туындылары да тыңдарман жүрегінен ерекше орын алып үлгерген. Оның ең таңдаулы шығармаларының бірі – «Менің Қазақстаным» 2005 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранына айналды.

    Кітапхана ұжымы ұйымдастырған ән кеші Шәмшінің туған күніне арналған мерейтойлық шара ғана еме с, оның әндерін дәріптеудің, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің бір жарқын жалғасы болды. Өйткені Шәмші әндері – мәңгілік, олар жылдар бойы шырқалып, жүректерге қуат пен шуақ сыйлай береді.

 

Ғалия АБЫЛАЙ,

 облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы.

«AQ - JOL». - 2025. – 21 тамыз  (№94). - 12б.

Яндекс.Метрика