Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

ЕЛДІКТІҢ БЕРІК ТҰҒЫРЫ

    Әр мемлекеттің ең басты құндылығы – оның Конституциясы. Өйткені ол мемлекет пен халықтың еркіндігін, елдің дамуы мен тұрақтылығының негізін айқындайды. Қазақстан Республикасының Конституциясы да халқымыздың еркін таңдауымен қабылданып, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып келе жатқан тарихи маңызы зор құжат.

    Биыл еліміздің Ата заңының қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы мен қалалық Жастар ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Мемлекеттің берік тұғыры» атты мерекелік шара өтті.

    Шаһардағы зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер мен студенттер қатысқан жиында сөз алған қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары Ұлжан Каленова Ата Заңымыздың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы тарихи орнына тоқталып, оның жас ұрпақ үшін мән-маңызы зор екенін атап өтті.

    – Қазақстан Республикасының Конституциясы – халқымыздың кемел таңдауын айқындаған тарихи құжат. Бүгін біз 30 жылдығын атап өтіп отырған Ата Заңымыз – елдің тұрақтылығы мен тұтастығының кепілі. Әсіресе, жас ұрпақ үшін Конституцияның мәні ерекше. Ол жастарға білім алуға, еңбек етуге, өз қабілетін жүзеге асыруға кең мүмкіндік береді. Біз, жастар қауымы, осы құндылықтарды құрметтеп, мемлекеттің дамуына үлес қосуымыз қажет, – деді Ұлжан Медербекқызы.

    Басқосу барысында қатысушылар Конституцияның қоғамдағы орны, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөлі туралы ой бөлісті. Сонымен қатар Ата Заңымыздың мемлекетіміздің демократиялық бағытта дамуына қосқан үлесі жан-жақты талқыланды.

    Шара соңы өңір өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен түйінделді.

 

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

«Jambyl-Taraz». - 2025. – 22 тамыз (№66). – 1 б.

Яндекс.Метрика